
Сәтбаев қаласында ұлы ғалым, геолог Қаныш Сәтбаевтың туғанына 123 жылдығы тойлануда. Атаулы күнге орай орталық алаңда мерекелік концерт пен көрме ұйымдастырылды.

Мектеп оқушылары ғалымға арналған өлеңдер оқып, қала тұрғындарын мерекелік қойылымдармен қуантты. Жиналғандарды қала әкімі Асқар Ыдырысов құттықтады.

– Қаныш Имантайұлы – ХХ ғасырдағы ұлы тұлғалардың бірі. Ол металлогенияның дамуына баға жетпес үлес қосты, оның қажырлы еңбегінің арқасында алғашқы мыс балқыту зауыты пайдалануға берілді. Қазақстанның жер асты қазбаларының картасын жасау кезінде Қаныш Сәтбаев оған бірнеше ірі кеніштерді қоспады. Ол туралы академик өзінің сенімді достары Мұхтар Әуезовке және Әлкей Марғұланға айтқан болатын. Бұл кен орындарын ол болашақ ұрпаққа қалдыру үшін арнайы жасырғанын атап өтті. Дәл осы байлықты бүгінде кеншілер игеруде. Ол Жезқазған мен Сәтбаевтың негізін қалаушы ретінде халықтың есінде қалады, – деп атап өтті Асқар Ыдырысов.

Тақырыптық көрмеде академиктің өмірі мен еңбек жолы туралы баяндайтын фотосуреттер ұсынылды.

Фотоэкспозицияны Сәтбаев қаласының мемлекеттік мұрағаты ұйымдастырды.
– Фотоэкспозицияда Қаныш Имантайұлының, оның ата-анасының суреттері, оның жеке құжаттарының суреттері – Томскідегі технологиялық институтты бітіргені туралы куәлік, еңбек кітапшасы, депутаттық билет ұсынылған. Олар 2017 жылы Алматының Орталық мұрағатынан әкелінді және біздің қорда жинақталған, – дейді мұрағатшы Айгүл Байжұманова. – Көрме Қаныш Сәтбаев атындағы гимназияда ұйымдастырылған тоғызыншы сынып оқушыларына арналған тақырыптық сабақпен жалғасты.

Мерекелік шара ғалымның ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен аяқталды.
