
Қарағандының Қазыбек би атындағы ауданында жаңа әкім тағайындалды. Бұл лауазымды Қарқаралы ауданының бұрынғы әкімі Елдар Дүйсетаев атқаратын болады.
Бұл туралы Қарағанды қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аудан әкімінің кандидатурасы ҚР Президенті Әкімшілігімен, қалалық мәслихат депутаттарымен келісілді. Тағайындау туралы өкімге Қарағанды әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қол қойды.
Бұрынғы аудан әкімі Нұрлан Рыстин басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылды.
Елдар Дүйсетаевтың үш жоғары білімі бар. «Болашақ» бағдарламасы бойынша Оңтүстік Калифорния университетін бітірген.
Еңбек жолын 2003 жылы Қарқаралы қаласының №2 орта мектебінде мұғалім болып бастаған.
2003 жылдан бастап мемлекеттік қызметте. Қарағанды облысының жергілікті атқарушы органдарында, ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінде және оның аумақтық бөлімшелерінде жұмыс істеді. Қарағанды облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары болды. 2019 жылдың желтоқсан айынан қазіргі уақытқа дейін Қарқаралы ауданының әкімі қызметін атқарды.