Қарағанды облысының аграршылары егін егуге дайындалуда

Қарағанды облысының аграршылары егін егуге дайындалуда

Қарағанды облысында көктемгі егіс жұмыстары мамыр айының екінші онкүндігінде басталады. Қазір дайындық қызу жүріп жатыр.

– Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарын жаздық егу 1099,6 мың гектарды құрайды, бұл өткен жылдың деңгейінен 45 мың гектарға артық. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 977,5 мың га алаңға, майлы дақылдар – 28 мың га, жемшөп дақылдары – 81,5 мың га жерге егіледі, картоп 11,4 мың га, көкөністер – 1,8 мың га аумаққа отырғызылады, – деді Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Санаубаров аппараттық кеңесте.

Оның айтуынша, тұқымға қатысты проблемалар жоқ, олардың сапасын тексеру жүргізілуде.

Егіс техникасы дайын. Егістікке 11 мыңнан астам трактор, 6078 тұқым сепкіш, 253 егіс кешені шығады. Аграршылар машина паркін жаңартуда: жыл басынан бері 58 трактор, 30 топырақ өңдеу агрегаты және үш егіс кешені сатып алынды.

Минералды тыңайтқыштарды сатып алуға субсидия бөлінді.

Көктемгі жұмыстарға 23,6 мың тонна арзандатылған дизель отыны беріледі. Бұл көлемнің төрттен бір бөлігі қазірдің өзінде жөнелтілді.