Қарағандыда жерасты өткелдері ретке келтіріледі

Қарағандыда жерасты өткелдері ретке келтіріледі

Көптен күткен екі жерасты өткеліне – ОӘД және КМС маңына күрделі жөндеу басталады. Қарағанды көшелерінен жарнамалық баннерлер мен кермелер алынып тасталады.

Облыс орталығын дамыту туралы өңір басшысы Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен өткен кеңесте сөз болды. Жоспарлармен аудан әкімдіктерінің басшылары бөлісті.

Биыл Қазыбек би атындағы ауданның 13 ауласында кешенді абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Яғни, аулаішілік жолдарды жарықтандырумен және асфальттаумен қатар балалар алаңдары орнатылады.

– 72 аулада абаттандыру жұмыстары жүргізіледі, – деді Қазыбек би атындағы аудан әкімі Нұрлан Рыстин. – Олардың ішінде 17-сінде жаңа ойын алаңдары пайда болады. Қаланың шет аймақтарын – Күнгей, Кирзавод-3, 4, Большая Михайловка станциясын қамтығымыз келеді. Тұрғындардың сынын ескере отырып, балалар алаңдарының аумағы ұлғайтылатын болады. Ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған спорттық тренажерлер пайда болады.

Стрит-воркаутқа арналған алаңдарды орнату жалғасады. Жас футбол жанкүйерлері үшін бес жаңа көп функциялы алаң салынады. «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша төрт баскетбол алаңы салынады.

Әлихан Бөкейхан ауданында 12 аула абаттандырылып, 35 балалар ойын алаңы орнатылады. Курьяновка және Сахалин ауылдарында, сондай-ақ халық тығыз орналасқан 12, 18 және 23-ші шағын аудандарда бес жаңа футбол алаңы пайда болады. 

Кіреберіс жолдар жабдықталады және барлық рұқсат етілмеген полигондар алып тасталады.

5 субұрқақ күрделі жөндеуден өтеді – циркте, вокзал маңындағы алаңда, Әлиханов көшесінде екеуі және Чкалов – Аманжолов көшесінің қиылысында. Қалғандары бойынша ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Қаланың безендірілуі мен қисынсыз жарнамалық құрылымдарға қатысты тұрғындар тарапынан  көптеген шағымдар келіп түсті. Облыс әкімі бұл наразылықты толық қолдайды.

– Қаланы қалай көркейтуге болады? Айналада жалаңаш сымдар, бүкіл қала интернетте. Жақын арада түзетіңіздер! Сондай-ақ, бір ай ішінде Бұқар жырау даңғылынан барлық жарнамалық баннерлерді, жапсырмаларды алып тастау қажет. Барлық сыртқы жарнамаларды ретке келтіріңіздер! – деді өңір басшысы.

Қарағандыда жол жабынына қатысты проблемалар жетіп артылады. Биыл 28,3 шақырым автожолды күрделі жөндеу жоспарланған. Жалпы ұзындығы 26 км 24 учаске орташа жөндеуден өтеді, бұл ретте қаланың басты артериясы – Бұқар жырау даңғылын қиыршық тасты-мастикалық асфальтбетонды пайдалана отырып шұңқырларды жөндеу күтіп тұр. Жеңіс Қасымбек облыстық көлік басқармасына сәуір айында жол жөндеу жұмыстарын бастау туралы тапсырма берді. Сонымен қатар, орындалатын жұмыстардың мерзімі мен сапасын қатаң бақылау керектігі айтылды.

Көктемнің келуімен көптеген тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың қасбеттері нұсқынсыз болып кетті. Әкім барлығына, әсіресе жеке меншік ЖОО мен медициналық мекемелердің иелеріне қысқа мерзімде ғимараттардың келбетін ретке келтіруді тапсырды.

Сондай-ақ, Жеңіс Қасымбек өткен жылы жөнделген аулалардың сапасын тексеріп, сенбіліктер өткізуді кешіктірмеу туралы тапсырма берді. Қала жақын арада тазаруы керектігі айтылды.