
1 сәуірден бастап қазақстандықтарға құжаттардың мерзімі аяқталғаны туралы СМС-хабарламалар жіберілетін болады, деп хабарлайды polisia.kz.
Жаңашылдықты енгізу жеке басты куәландыратын құжаттардың қолданылу мерзімінің аяқталуына байланысты әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алуға, сондай-ақ ол үшін айыппұл төлеу кезінде азаматтарға қосымша қаржылық жүктемені азайтуға бағытталған.

«ІІМ цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп осы жылдың 1 сәуірінен бастап жеке куәліктің немесе жүргізуші куәлігінің қолданылу мерзімі аяқталғаны туралы азаматтарды телефонға СМС-хабарлама жіберу арқылы алдын ала хабардар ету тетігін іске асырды», – делінген хабарламада.
Бүгінгі күні жарамсыз жеке куәлікпен 10 күннен 1 айға дейін жүргені үшін ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілік, 1 айдан астам уақытқа жеті айлық есептік көрсеткіш немесе 21 441 теңге мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
Енді мобильдік азаматтар базасында тіркелген қазақстандықтар құжаттың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін 30 күн бұрын мынадай мазмұндағы СМС-хабарлама алатын болады: «Sizdin jeke kualiginizdin jaramdylyq merzimi 30 kunnen keıin aıaqtalady, HQKO-ga habarlasynyz/Srok Vashego udostovereniya istekaet cherez 30 dnei, obratites v CON».
СМС-хабарлама алу үшін egov.kz порталындағы «жеке кабинетте» өз ұялы телефон нөміріңізді көрсетіңіз.