
Балқашта 45 пәтерлі екі үйдің құрылысы басталды, жылу желілерін қайта құру жалғастырылады, 200 адамға арналған емхана ашылады, туристік инфрақұрылым дамытылады. Қала биыл 85 жылдығын атап өтуге дайындалуда.

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте әкім Ораз Тәуірбеков Балқашты одан әрі дамыту жоспарлары туралы айтып берді.
– 18,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға береміз. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10%-ға артық, – деді Ораз Тәуірбеков. – 10-шы шағын ауданда екі жаңа 45 пәтерлі үйдің құрылысы басталды. "Қоңырат" шағын ауданында орамішілік жылу желілерінің құрылысын жалғастырамыз. 3 шақырым жылу желісіне және 0,3 шақырым магистральдық суару желілеріне ағымдағы жөндеу жүргіземіз. Екінші және үшінші кезектегі қалаішілік су құбыры желілерін қайта жаңартуды бастаймыз.
Осы айда ауданы 10 мың шаршы метр автомобиль жолдарының проблемалық учаскелерін ағымдағы жөндеу басталады.
Тәуелсіздік алаңы мен жеті аула аумағын абаттандыру жалғасады. Қалада төрт тұрғын үйдің келбеті өзгереді.
Өткен жылы Сәбитова атындағы шағын ауданында 200 келушіге арналған емхана құрылысы басталды. Осы жылдың маусым айында медициналық мекеме пациенттерге есігін айқара ашуы тиіс. Бұрынғы наркологиялық диспансердің ғимаратын қайта жаңарту жүріп жатыр. Болашақта мұнда мүгедек балаларға арналған оңалту орталығы ашылады.
Биыл алғаш рет халық қатысатын бюджет бойынша жобаларды іске асыру басталады. Самал және Жастар гүлзарлары абаттандырылады, Сванқұлов орамынан Жезқазған көшесіне дейінгі жаяу жүргіншілер жолында тротуар плиталары төселеді және жиектастар орнатылады, сегіз жаңа аялдама павильоны пайда болады.
Балқаштың туристік әлеуеті зор. Биыл Бертіс шығанағы ауданында инженерлік коммуникациялар құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Осының арқасында желілер қолданыстағы 10 және салынып жатқан сегіз туризм нысандарына қосылады. Қонақ үйлер, ойын-сауық саябақтары, спорттық балалар алаңдарын салу үшін инвесторлар тартылады.