
Жұмысшы кентінің жанында үш жерде шайылып кеткен топырақ үйінділері қалпына келтірілді. Аула аумағын су басқан үйлердің эвакуацияланған тұрғындары үйлеріне қайтарылды. Су тасқынына қарсы жедел штаб тәулік бойы жұмыс істейді, ТЖД мен коммуналдық қызметтердің барлық жеке құрамы жұмыс атқарып жатыр.
Облыстық ТЖД басшысы Мұрат Қатпанов пен Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте су тасқынының қазіргі жағдайы және оның салдарын жою үшін қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.

Өткен тәулікте, 5 сәуірде жедел штабқа облыс бойынша аула аумақтарын су басу туралы 27 хабарлама келіп түсті, деп хабарлады Мұрат Қатпанов. Кідіріссіз қажетті шаралар жүргізілді: қаптар төсеу, арықтар мен каналдарды тазарту, еріген суды сору.

– Жұмысқа 680-нен астам адам және 238 бірлік техника жұмылдырылды. Космомониторинг деректері бойынша, облыстың солтүстік аумағының 15%-ы әлі де қар астында қалып отыр, – деді Мұрат Қатпанов.
Әр түрлі маңызы бар автомобиль жолдарында су басу тіркелген. Құланөтпес өзенінде судың көтерілуі нәтижесінде Нұра ауданындағы Ақтүбек және Құланөтпес ауылдарында көлік қатынасы үзілді. Бірақ өткел Ақмола облысының Қорғалжын ауылы арқылы ашылды. Елді мекендерді су басу қаупі жоқ.
Талды, Үлкен-Құндызды және Есіл өзендері деңгейінің қауіпті көтерілуі бүгінгі күні таңертең төмендеді.
Мұз кептелісін болдырмау үшін 15 жарылыс жұмыстары жүргізілді. Самарқанд және Ынтымақ су қоймаларынан ағызу жалғасуда.
Қарағандыда Оңтүстік-Шығыстағы жағдай ерекше бақылауда. Ауа температурасының күрт көтерілуі және қатты жауын-шашын "Гүлдер" шағын ауданы – Тәттімбет көшесі жағынан даладағы қардың еруіне себеп болды. Нөсер кәрізі бір мезгілде 500 текше метрге жуық еріген судан артық көлемді жинауға арналмаған. Қажетті шаралар қабылданып, үй маңындағы аумақтардан су жедел ағызылды.

– Жергілікті жер бедерінің есебінен еріген су Республика даңғылы – Сарыарқа көшесінің (Ту тұғыр ауданы) қиылысына келіп түсті. Бұл учаскеде түні бойы үш бағытта жұмыстар жүргізілді: Жартас каналына су бұру, нөсер кәрізін тазарту, Бұқпа өзенінің арнасына су айдау. Қазіргі уақытта аталған көшелерде су жоқ, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Университетская көшесіндегі үш қабатты үш үйді су басты. Тұйықталу қаупіне байланысты тұрғын үйлер электр қуатынан ажыратылды. Тұрғындар эвакуацияланды. Үйлердің жанында полиция қызметкерлері кезекшілік етеді. Ауладан су сорғылау жұмыстары өткізілді.
– Әлеуметтік желілерде жазғандай, біздің қалада зардап шеккендер жоқ, – деп атап өтті Қарағанды әкімі. – Тұрғындардан үрейленбеуін және тек ресми дереккөздерге сенуін сұраймын. Жағдайды жеке бақылауымда ұстаймын.