
Қарағандыда Ғарышкерлер күні мен Балалар жылына арналған «Ғарыш кенеп бояуында» облыстық балалар бейнелеу шығармашылығы байқауының жеңімпаздары анықталды. Қосымша білім беру ұйымдарынан, көркемөнер мектептерінен және бейнелеу студияларынан 200-ден астам оқушы өз жұмыстарын ұсынды.

Іс-шараны мәдениет, архивтер және құжаттама және білім басқармаларының қолдауымен «Сарыжайлау» кинотеатры ұйымдастырды.

– Қатысушылардың байқауға деген қызығушылықтары бізді қуантты. Қарағанды, Шахтинск, Теміртау, Шахан, Приозёрск, Саран қалаларының балалары өз өнерлерін көрсетті. Бірде-бір бала назардан тыс қалған жоқ. Әркім ерекше сыйлық - жерлесіміз Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің құттықтау хатын алды, – деп бөлісті «Сарыжайлау» кинотеатрының басшысы Рымбала Омарбекова.

10–13 жас аралығындағы қарағандылықтар бірнеше номинация бойынша жеңіске жету үшін өзара бақ таластырды. Нәтижесінде, еңбек сіңірген өнер және мәдениет қайраткерлерінен құралған қазылар алқасы өз таңдауын жасады.

Үш номинация бойынша Шахтинск қаласынан Әубәкір Исмаилов атындағы балалар көркемсурет мектебінің тәрбиеленушілері үздік атанды. «Сәндік-қолданбалы өнер» номинациясын Мария Тишкова, «Графикада» – Валерия Кытманова, «Кескіндемеде» – Наргиз Башанова жеңіске жетті. Қарағанды қаласының № 2 Балалар өнер мектебінің оқушысы Сафина Бакирова «Композиция» номинациясы бойынша бірінші орын алды. «Мүсін» санатында жеңімпаздар болған жоқ.

Ғарышкерлер, планеталар, зымырандар, жерден тыс өркениеттер – бұл жолы балалардың қиялы шексіз болды.

– Мен ғарыштық табақаша, планеталар мен скафандр киген итті салдым. Мұндай байқауға алғаш рет қатысып отырмын. Мұнда әдемі де қызықты жұмыстар өте көп, – дейді 9 жасар Медина Қажымұратова.

Теміртаулық он бір жасар Алиса Маслова алты жылдан астам уақыт бойы сурет салумен айналысып келеді.
– Байқау туралы білгенде өзімді сынап көру қызық болды. Менің жұмысым «Ғарыш» деп аталады. Суретте екі ғарышкер мен ит бейнеленген. Олар планетада. Адамдардың бірі өсімдікті ұстап тұр және бәрі әрі қарай не болатынын бақылайды. Мен бұл суретті гуашпен алты сағат бойы салдым, - деді суретші қыз.

Жеңімпаздар дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды. Барлық қатысушылар сертификаттар алды, ал басшылар алғыс хаттармен марапатталды.