Қарағанды мұражайында ғарыш туралы көрме ашылады

Қарағанды мұражайында ғарыш туралы көрме ашылады

Тұңғыш ғарышкер Юрий Гагариннің сөзі жазылған пластинканы, астронавттардың қолтаңбалары қойылған фотосуреттерді және Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтың әскери формасын Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайында көруге болады. 7 сәуірден бастап айдың соңына дейін «Ғарыш. Ғарышкерлер. Қарағанды – ғарыш айлағы» көрмесі өтеді.

Облыстық мұражайдың қорында ғарышкерліктің дамуына байланысты көптеген ғажайып материалдар сақталған. Бұл ғарышкерлер мен ғарыш экипаждарының жерге қонған жерлеріндегі фотосуреттері, Королёвтағы ресейлік ғарышкерлер мұражайы Қарағандыға сыйға берген филателия, нумизматика, фалеристика топтамалары, тіпті ғарыштық азығы бар тюбиктер.

Көптеген экспонаттар қорға «Мұражайға сыйлық» акциясының арқасында түседі. 2019 жылы «Пластика және қозғалыс» студиясының тәрбиеленушілері оған белсенді қатысты. Олар мерейтойлық монеталарды, маркаларды, пошта конверттері мен ғарыш тақырыбындағы белгішелерді тапсырды.

 –  Қарағандылықтардың аға буыны да бей-жай қалмайды,  – дейді қор бөлімінің аға ғылыми қызметкері Динара Сәкімбай.  – Біздің қаламыздың тұрғыны Виктор Лавецкий ұзақ жылдар бойы Жезқазғанда жұмыс істеп, Қарағанды облысының аумағына қонған ғарышкерлермен бірнеше рет кездескен. Ол біздің мұражайға ғарышкерлермен және олардың ұшу күндерімен шағын плакаттар, кітаптар, ғарыш аппараттарының қону орнынан фотоматериалдар және ғарышкерлердің қолтаңбалары бар конверттер сыйлады. Оның ішінде бірегей және құнды экспонат – Юрий Гагариннің ұшуға дейін және одан кейінгі сөзі бар иілгіш пластинкадағы жазба.

Сонымен қатар, мұражайда ғарыштық орбитада болған Қарағанды қаласының елтаңбасы бар мата сақтаулы. Оны ғарышқа «Союз ТМА-12М» экипажы алып кеткен. 2014 жылы басқарылатын кеменің аппараты Жезқазған ауданына аман-есен қонды. Қарағандының 80 жылдығына арналған ғарышкерлердің қолтаңбасы бар мата мұражайға сыйға тартылды.

«Қону алаңы белгісіз» театр қойылымына арнайы тігілген ғарышкерлердің костюмдері де бар.

Көрмеге келушілер өздерін қызықтырған «ғарыштық» заттарды қолымен ұстап, олармен естелік суретке түсе алады.

«Экспонаттар шеруі» жобасы облыстық тарихи-өлкетану мұражайының 90 жылдығына арналған. Жыл бойы мұнда ай сайын мұражай қоймаларынан тақырыптық көрмелер өтеді.