Қарағанды облысының ТЖД қызмет көрсетудің күшейтілген режиміне көшті

Қарағанды облысының ТЖД қызмет көрсетудің күшейтілген режиміне көшті

Қарағанды облысы ТЖД бақылауында су басу қаупі бар 158 елді мекен бар. Қазіргі таңда облыс аумағында ауылдар мен жолдарды су басу фактәлері тіркелмеген. Су тасқынынының ең қауырт шағы сәуірдің 5–11 аралығында күтіледі.

Синоптиктердің болжауынша, сәуірдің 4–5-і аралығында өңірде күн күрт жылынады. Ауа температурасының жоғарылауы бірқатар елді мекендерді су басуға әкелуі мүмкін. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Қарағанды облысы ТЖД басшысы Мұрат Қатпанов пен «Қазгидромет» РМК Қарағанды облыстық филиалы гидрология басқармасының басшысы Ілияс Сейтқалиев мәлім етті.

– Аймақта күннің күрт жылуы болады деп күтілуде. Сәуірдің 4-5-нен бастап бізде температура көтеріледі, түнде – 0-ден +5, күндіз – 5–10 градус жылы болады. Кей жерлерде, облыстың оңтүстігінде, ауа температурасы 20 градусқа дейін жылынады, – деді Ілияс Сейітқалиев.

Қарағанды облысының ТЖД 21 мыңнан астам адам тұратын су басу қаупі бар 158 елді мекенді бақылауда ұстауда. Қауіпті аймақтар - өзендер мен су қоймаларына жақын орналасқан аудандар. Бұл Қарқаралы, Абай, Бұқар жырау және Нұра аудандары.

– Нұра өзені бассейнінде наурыз айында жауған қатты жауын-шашыннан кейін ылғал қорының орташа көлемінің 12%-ға артқаны байқалады. Шерубай-Нұра өзенінде ылғал қоры 54 миллион текше метрге артты, бірақ бұл көрсеткіш орташа көпжылдық көрсеткіштен 54 пайызға төмен, Кеңгірде 22 миллион текше метрге азайған. Ғарыштық мониторинг бойынша облыстың солтүстік аумағының 45 пайызы қар жамылғысы астында қалып отыр. Облыстың оңтүстік аймақтарында қар жоқ, – деді Мұрат Қатпанов.

11 наурыздан бері облыс бойынша Нұра өзенінде, Ботақара, Петровка, Жастілек, 1-Май, Есен, Жарлы елді мекендері ауданында, Самара суқоймасында және Қарасор көлі маңы мен теміржол бойында тоғыз жарылыс жұмыстары жүргізілді. Нұра және Осакаров аудандарындағы өзендердің учаскелерінде жарылыс жұмыстары жоспарлануда.

Жолдардағы су өткізгіштердің 85%-ға жуығы, 33,9 шақырым каналдар, 162 шақырым арық тазартылды, 12 шақырым су ағатын траншеялар кесілді.

– Су тасқынының шарықтау шегі 5–11 сәуір аралығында күтілуде. Облыс тұрғындарын дайындалуға шақырамыз. Су тасқынының салдарын барынша азайту керек, ол үшін су басу қаупі бар елді мекендердің әрбір тұрғыны өз аула аумақтарын ретке келтіріп, қардан тазартып, суағар жасап, арықтарды тазартуы керек, – деп атап өтті Мұрат Қатпанов. – Біз адамдарға көмектесуге дайынбыз. Бұл үшін 112 телефоны бар, тұрғындар (8-7212) 43-36-36 және 43-37-37 жұмыс нөмірлеріне де хабарласа алады. Біз төтенше жағдайды жоюға дайынбыз және қажетті техникамыз бар.

Алдағы су тасқынына байланысты облыстың ТЖД күшейтілген қызмет көрсету режиміне көшірілді. Облыстық су тасқынына қарсы штаб жұмыс істеуде, алты мобильді топ құрылды, олардың құрамында 313 жеке құрам, 184 техника, оның ішінде 134 мотопомп және 31 су көлігі бар.

Мобильді топтар су басу қаупі бар аймақтарды аралап, тұрғындармен профилактикалық жұмыстарды жүргізуде. Сонымен қатар, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің, Ұлттық ұланның және Қорғаныс министрлігінің жеті әскери бөлімінің күштері резервте тұр.