Қарағандыда мердігерлер асфальты еріп кеткен жолдарды қайта жөндейді

Қарағандыда мердігерлер асфальты еріп кеткен жолдарды қайта жөндейді

Көктем басталысымен Қарағанды жолдарының жай-күйіне қатысты шағымдар легі қайтадан түсе бастады. Мердігерлер кепілдік міндеттемелері шеңберінде ақауларды түзетеді.

Қарағанды қаласы әкімдігінде өткен жиында жолдардың жағдайы талқыланды. Қала басшысы Ермағанбет Бөлекпаев мердігерлерді ғана емес, техникалық қадағалауды да сынға алды.

– Жылда осылай! Жұмыс істей алмасаңыздар неге тендерге қатысасыздар? Онда нарықтан кетіңіздер, басқалар бар, – деп ескертті Ермағамбет Бөлекпаев.

Ол жұмыс барысында ақауларды жіберген техникалық қадағалау ұйымдарына қатысты сот ісін қозғауды талап етті.

Ал мердігерлер жергілікті климаттық жағдайға төтеп бермейтін битум сапасын сынға алып отыр.

Жиында жөндеуден кейін асфальты қалқып, шұңқырлар мен жырықтар табылған әрбір көше талқыланды.

– Біздегі ортақ жол желісі – 920 шақырым. Оның 104,1 шақырымына кепілдік қызмет көрсетілуде. Барлығы 62 учаскеге кепілдік берілген. Бүгінгі күні көктемгі тексеру жұмыстары басталғанға дейін алдын ала 10 учаскеде ақау бар екені анықталды, - деп мәлім етті Коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы м. а. Рүстем Қожақапанов

Оның сөзінше, автопарктермен бірлесе отырып, жүргізушілер ең көп шағымданатын жолдардың тізімі жасалған. Оған Қазыбек би атындағы ауданда 10, Әлихан Бөкейхан ауданында 11 нысан енген.

Мердігерлерге асфальт жабындысын қалпына келтіру тапсырылды. Жұмыстар ауа-райы қолайлы болған кезде басталуы керек. Ал бұған дейін уақытша шаралар қабылданады – шұңқырлар брусчаткамен жабылады.

Қалада қар тазалау және шығару жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ермағамбет Бөлекпаев бұл жұмысқа мүмкіндігінше барлық күштерді жұмылдыруды, сондай-ақ нөсер ағындарын уақтылы тазалауды тапсырды.