Қағаз 200 теңгені барлық сауда орындары қабылдауы тиіс

Қағаз 200 теңгені барлық сауда орындары қабылдауы тиіс

Номиналы 200 теңгелік банкнот – Қазақстан аумағындағы заңды төлем құралы. Бұл туралы Ұлттық Банктің қолма-қол ақша айналысы департаментінің басқарма бастығы Серікжан Майданов мәлімдеді.

"Қазақстан Ұлттық Банкіне (бұдан әрі – ҚҰБ) халықтан өтініштер келіп түсуде. Адамдар кәсіпкерлер номиналы 200 теңгелік банкноттарды қабылдаудан бас тартқан жағдайларды атап өтеді. ҚҰБ номиналы 200 теңгелік банкноттардың заңды төлем құралы болып қалатынын еске салады. Олар 200 теңгелік монеталармен қатар айналыста болады және төлемдердің, банк операцияларының және аударымдардың барлық түрлері бойынша қабылдау міндетті", – делінген хабарламада.

Банкноттарды банктердің барлық бөлімшелерінде және "Қазпошта" АҚ-да, сондай-ақ ҚҰБ филиалдарында айырбастауға болады. Олар айналымнан ақшаның табиғи тозуына қарай ғана алынады.

Мұндай банкноттарды қабылдаудан бас тарту Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 206-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады.

Егер сізде номиналы 200 теңгелік купюралар қабылданбаса, онда жақын маңдағы ҚҰБ аумақтық филиалына жүгіну қажет. Бейнетіркеуді жүргізу немесе банкнотты қабылдаудан бас тартудың жазбаша негіздемесін талап ету ұсынылады.

ҚҰБ Қарағанды филиалы Бұқар жырау даңғылы, 19 мекен-жайы бойынша орналасқан. Қосымша сұрақтар бойынша ҚҰБ байланыс орталығына 1477 нөмірі бойынша хабарласуға болады.

nationalbank.kz