Қаражал қалай дамиды

Қаражал қалай дамиды

Қаражал қаласында биыл жүзу бассейнінің құрылысын бастау, сондай-ақ Сәкен Сейфуллин есімі берілген саябақта жазушының бюстін орнату жоспарланып отыр.

Бұл туралы Қаражал қаласының әкімі Тілектес Досаев Өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен брифингте мәлім етті.

– Жүзу бассейнін салу уақыты келді. Өткен есеп беру кездесуімде біз құрылысты 2022 жылы бастаймыз деп уәде бердік. Бір апта ішінде мердігер анықталады. Келесі жылы біз құрылысты аяқтауымыз керек, – деді Тілектес Досаев.

Қалада гүлзарлар мен саябақтарды абаттандыру аяқталды, бір кездері қараусыз қалған демалыс орындары жандандырылды, деп атап өтті спикер. Сәкен Сейфуллин, Платон Кляцкий атындағы саябақтарда орындықтар, жарық бағандары, субұрқақ орнатылды, төсемтас төселді. Биыл Сәкен Сейфуллиннің бюстін орнату жоспарлануда.

– «Менің аулам» бағдарламасы бойынша Уәлиханов, Жолқанов, Сайдалы Сары Тоқа көшелерінде үш ойын алаңы, сондай-ақ ойын және спорт алаңдарында шамдар орнатылды, – деп толықтырды Қаражал әкімі. – Біз тағы үш балалар алаңын орнатуды және ескілерін жөндеуді жоспарлап отырмыз, сондай-ақ футбол алаңдарын ретке келтіреміз.

Сонымен бірге қаладағы «Горняк» стадионында күрделі жөндеу жұмыстары жалғасады және бейнебақылау камераларын орнату мәселесі шешіледі. Сонымен қатар, 7 шақырым автожол мен жеке сектордың 10 көшесі мен тұйық көшелері орташа жөндеуден өтеді. Горняков, Битабар, Бұлқышев көшелерін, Бейбітшілік, Төле би тұйық көшелерін асфальттау және Жәйрем кентіндегі автомобиль жолдарын орташа жөндеу аяқталады.

«Ақтай» шағын ауданы мен қаланың жекелеген көшелерін ауыз сумен қамтамасыз ету өзекті мәселелердің бірі. 2020 жылы «Ақтайда» су құбыры желілерінің құрылысы бойынша және Қаражалдың төртінші кезегі тұтынушыларының шекарасына дейін құбырларды жеткізу бойынша жобаларды іске асыру басталды. Бұл жобалар биыл аяқталуы тиіс.