Қарағандылықтар үстел теннисінен ерекше спортшылар арасындағы республикалық турнирде жеңіске жетті

Қарағандылықтар үстел теннисінен ерекше спортшылар арасындағы республикалық турнирде жеңіске жетті

Қарағандыда мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында үстел теннисінен X Республикалық турнир өтті. Жарысқа Қазақстанның 12 облысынан 70-тен астам өкіл қатысты.

Турнир қорытындысы бойынша командалық есепте бірінші орынды Қарағанды облысы, екінші – Қостанай облысы, үшінші орынды Маңғыстау облысы иеленді.

– Үстел теннисі мүмкіндігі шектеулі жандар арасында танымал, – деп атап өтті жарысты ұйымдастырушы және "Жан Дос" мүгедектер қоғамдық бірлестігінің басшысы Дархан Тілемісов. – Бұл қолжетімді спорт түрімен балалар да, ересектер де шұғылданады. Турнирдің басты мақсаты – мүмкіндігінше көп мүгедектерді спортпен шұғылдануға тарту екенін атап өткім келеді. Өйткені, спорт төрт қабырғаға қамалып отырудан құтылуға, жаңа, белсенді өмір сүруге көмектеседі. Менің көз алдымда тенниспен айналысуды шешкен адамдар өзгереді, өздерін еркін сезініп, тіпті ғашық болып, отбасын құрғанын көрдім.

Қарағанды командасында Қазақстан мен Азия чемпиондары бар. Ұйымдастырушылар жарысты халықаралық деңгейге көтеруді жоспарлап отыр.

Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының ақпараты бойынша