
Қарағанды облысында болашақ металлургтердің әлеуетті жұмыс берушінің есебінен жоғары білім алу мүмкіндігі пайда болды. "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы индустриялық университеттің 15 бірінші курс студенттеріне 15 білім грантын бөлді.

Грант иегерлері "Металлургия", "Материалдарды қысыммен өңдеу", "Органикалық заттардың химиялық технологиясы", "Жылу энергетикасы", "Құрылыс" мамандықтары бойынша білім алады. Оларды байқау бойынша үздік студенттер арасынан таңдады.
Университетте бұл оқиға тарихи деп аталды.

"Ұзақ үзілістен кейін елдің металлургия саласының алыбымен бұрыннан қалыптасқан берік байланыстарды қалпына келтіру басталды. Белсенді серіктестіктің негізі өткен жылдың 30 маусымында "АрселорМиттал Теміртау" АҚ басшылығымен қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандум болды", – деп атап өтті ҚарИУ-да.
Сонымен қатар, компания университеттің жас ғалымдарының үш жобасын бірлесіп қаржыландыруды және постдокторантура бағдарламасы бойынша екі оқытушыны даярлауды қолдады.