
Қарағанды облысында көп пәтерлі үйдегі мүлікті күтіп-ұстаудың орташа тарифі бір шаршы метр үшін 28,6 теңгені құрайды. Бүгінгі таңда өңірде барлығы 198 мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) тіркелген және 6 213 жай серіктестік (ЖС) құрылған.
Көп пәтерлі үйлердің тұрғындары 1 шілдеге дейін пәтер иелері кооперативтерін (ПИК) жойып, МИБ немесе ЖС құруы тиіс. Басқарудың жаңа нысандарын құру тұрғын үй қорының жай-күйін жақсартуға және ақша қаражатын жұмсаудың ашықтығына бағытталған.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Махамбет Жанабергенов мәлім етті.

– Тариф туралы түпкілікті шешімді көп пәтерлі үйлердің тұрғындары өздері қабылдайды. Кондоминиум объектісін басқару нысандары "бір үй – бір шот" қағидаты бойынша жұмыс істейтін болады. Бұл әрбір МИБ немесе ЖС тұрғын үйді ұстауға және жөндеуге ағымдағы және жинақ банк шоттарын ашуы тиіс дегенді білдіреді, – деп атап өтті Махамбет Жанабергенов. – Сондай-ақ пәтер иелері олардың мүдделерін қорғайтын үш адамнан тұратын үй кеңесін сайлауға құқылы. Ол МИБ төрағасының немесе ЖС сенімді тұлғасының жұмысын үйлестіреді және мониторинг жүргізеді, үйді басқару нысанын дербес таңдауға, сондай-ақ басқарушымен шарттар жасасуға құқылы.
Сондай-ақ, тұрғындар құрамы кемінде үш адамнан тұратын тексеру комиссиясын құра алады немесе МИБ немесе ЖС қызметін бақылау үшін пәтер иелерінің ішінен ревизор таңдай алады.
Қарағанды облысында барлығы 7 330 көпқабатты тұрғын үй бар. Қазіргі уақытта 6 411 МИБ және ЖС-ден 931 ағымдағы шоттар, 785 жинақ шоттары ашылды.
– Бұл өте төмен көрсеткіш. Алдағы уақытта тұрғындар жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жылыту маусымына дайындықты қалай жүзеге асыратыны туралы ойлану қажет. Шын мәнінде, жинақталған қаражат – бұл тұрғын үй қорының сақталуының кепілі, – деп қосты спикер. – Біз тұрғындарды азаматтық сана-сезім танытуға және өз үйінде басқарудың жаңа нысанын жасау бойынша жұмыс жүргізуге және оның сақталуына жауапты болуға шақырамыз. Өйткені, кондоминиум нысандары - бұл үйдегі пәтерлер сияқты тұрғындардың жеке меншігі.
Айта кету керек, Қарағандыда қазақстандық кәсіпкерлер және сервистік қызметтер қауымдастығы жанында тұрғын үй иелері кеңес ала алатын МИБ қолдау орталығы жұмыс істейді.