Қарағанды облысының әйелдеріне өз бизнесін бастауға көмек көрсетіледі

Қарағанды облысының әйелдеріне өз бизнесін бастауға көмек көрсетіледі

Бизнесті қалай ашуға және дұрыс бизнес стратегиясын жасауға, стартап үшін ақшаны қайдан алуға болады? Қарағанды облысында кәсіпкерлік бастамасы бар әйелдерге көмек көрсету орталығы ашылды. Оның қызметтері тегін.

– Бүгінде Қарағанды өңірінде 42 мыңнан астам компанияны әйелдер басқарады. Бұл көрсеткіш одан да көп болуы мүмкін. Ынтымақтастық қорының, Ұлттық экономика министрлігінің, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және "Атамекен" ҰКП серіктестігі аясында Қарағандыда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ашылды. Республикалық жоба Азия Даму Банкінің қаражаты есебінен қаржыландырылады және БҰҰ-ның Қазақстандағы Даму бағдарламасы іске асырады, – деп Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов бұл бастаманы құптады.

Орталықта болашақ бизнес ханымдарға да, өз ісі барларға да қаржылық емес қолдау көрсетіледі. Мұнда кеңес беріледі, жаңа бағыттарды үйретеді, даму жолын анықтауға көмектеседі.

– Әйелдер кәсіпкерлігі қазір белсенді дамуда. Бірақ әрдайым ақпарат, негізгі білім, батылдық жеткіліксіз. Орталық жақсы демеу болады. Кез-келген әйел мұнда хабарласып, сұрақтар мен күмәнданған мәселелерге қатысты қойылған сауалдарына жауап ала алады. Білікті маман тұрақты негізде жұмыс істейді, жұмыс аптасы барысында қабылдайды, – деп атап өтті Қарағанды облысы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлия Жәңгірова.

Орталық 1 наурыздан бастап жұмыс істейді. Консультант Арайлым Серікбайдың айтуынша, жарты айдың ішінде 30-дан астам әйел, оның ішінде шалғай ауылдардағы бастауыш кәсіпкер әйелдер өтініш білдірген. Сұрақтар негізінен бизнесті жүргізу, мемлекеттік гранттар, субсидиялар алуға қатысты болды. Сондай-ақ бизнес-тренингтер бағдарламасына қызығушылық танытты.

Орталық қандай қызмет көрсетеді:

- бизнес жүргізу сұрақтары бойынша кеңес беру;

- оқыту (тренингтер, шеберлік сабақтары);

- тәлімгерлік (6–9 ай);

- әлеуетті және сұранысты ескере отырып, бизнесті дамыту стратегиясын әзірлеу;

- кооперация және әлеуметтік кәсіпкерлікке оқыту;

- әйелдер кәсіпкерлігі өкілдерінің халықаралық жобаларға қатысуына жәрдемдесу (кәсіпкер әйелдерді хабардар ету);

- қаржыландыруды тартуға оқыту (краудфандинг, инвестициялар, гранттар, лизинг).

Әйелдер кәсіпкерлігі орталығы мына мекен-жайда орналасқан: Қарағанды қ., Ермеков к-сі, 29 (1-қабат).

Байланыс телефоны: (8-7212) 50 64 12.

Консультант Арайлым Серікбай – 8-702-348-34-83 (WhatsApp).