Республикалық музыкалық байқаудың Бас жүлдесін Ақтоғай ауданының балалар ансамблі жеңіп алды

Республикалық музыкалық байқаудың Бас жүлдесін Ақтоғай ауданының балалар ансамблі жеңіп алды

Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы өнер мектебінің «Әуен» балалар ансамблі республикалық «Сал домбыра» байқауының Бас жүлдесін жеңіп алды. Алматыда өткен шығармашылық байқауда Қазақстанның түкпір-түкпірінен 214 қатысушы бақ сынады.

– «Әуен» ансамблін 2016 жылы құрдық. Осы жаңа құраммен 2020 жылы жұмыс істей бастадық, содан бері олар бірнеше ірі жарыстарға қатысты. Және жеңістерге жетті. Репертуарымызда алты ән бар. Ансамбль құрамындағы сегіз қыздың барлығы вокал бойынша білім алады. «Сал домбыра» сайысына біздің номинация бойынша 38 ұжым қатысты. Халық әндерінен попурриді эстрадалық нұсқада орындадық, – дейді «Әуен» тобының жетекшісі Саламат Мүбәрәк.

«Ансамбль» номинациясы бойынша Бас жүлде бұл байқаудағы музыкалық топ мүшелерінің жалғыз жеңісі емес. 9-13 жас аралығындағы жеке орындаушылар арасында Кәусар Қанат пен Дильяра Нұрахмет ерекшеленді.

– Бұл жас санатында 42 қатысушы жеңіске таласты. Ал олардың арасынан Кәусар бас жүлдені иеленіп, байқаудың бас жүлдесі домбыраны алса, Дильяра бірінші орынға ие болды. Шәкірттерімнің осындай жоғары нәтижелерге қол жеткізгеніне өте қуаныштымын, – деп бөлісті жас вокалшылардың тәлімгері. – Алда көп жоспар бар, әрине халықаралық дәрежеге шыққымыз келеді.