
Қарағанды техникалық университетінде профессор Николай Дриждтің құрметіне мемориалдық тақта ашылды. Көзі тірісінде ол саланы және Қарағанды көмір бассейнін дамытуға қосқан үлесі үшін көмір генералы деп аталып кеткен.

Николай Дрижд 94 жасқа дейін өмір сүрді. Оның 30-дан астамын тау-кен инженерлерін даярлауға арнаған. Техника ғылымдарының докторы, профессор пайдалы қазбалар кен орындарын игеру кафедрасында жұмыс істеді. Университеттің Әдеп жөніндегі кеңесін басқарды.

Николай Дриждтің құрметіне мемориалдық тақта екінші оқу корпусының № 301 аудиториясында орнатылды. Кафедра бойынша әріптестер, тау-кен факультетінің қызметкерлері, сондай-ақ Әдеп жөніндегі кеңестің мүшелері оның есімін мәңгі есте қалдыруды ұсынды. Бастаманы ҚарТУ ректоры Марат Ибатов қолдады.
Көмір генералы ең бастысы – өз мақсаттарын орындау, адамдарға пайда әкелуге тырысу деп санаған. «Ең жақсы сыйлық – бұл сізді мадақтаған кезде емес, бұйрықтар берген кезде емес, тағдыр тағайындаған нәрсені жүзеге асыра алғаныңызды түсінген кезде. Кеншілер жолын таңдап, мен әрқашан өз ізімді қалдыруға тырыстым. Мен бұған қол жеткіздім деп ойлаймын», – деген болатын Николай Дрижд сұхбатында.

Николай Александрович Дрижд (1927–2022) Саратов облысының Балаково қаласында дүниеге келген. 1953 жылы Днепропетровск тау-кен институтын бітіргеннен кейін Қарағанды көмір бассейнінің шахталарына жіберілді. Шахта учаскесінің бастығынан «Қарағандыкөмір» ӨБ бас директорына дейінгі жолдан өтті.
Мемлекеттік сыйлықтың екі мәрте лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген кеншісі, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, Ленин орденінің екі мәрте кавалері, Еңбек Қызыл Ту Орденінің, «Шахтер даңқы» белгісінің кавалері. «Достық», «Құрмет» ордендерімен, Ахмет Байтұрсынов атындағы медальмен марапатталған. Қарағанды облысының, Қарағанды, Шахтинск, Саран қалаларының Құрметті азаматы.