
Қарағанды облысында SportFEST Kazakhstan республикалық мектеп спартакиадасына қатысу үшін спортшылар іріктелді. Жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасындағы өңірлік турнирдің жеңімпаздары Щучинск қаласына аттанады.

— Қарағанды облысында спартакиада үшінші рет өткізіліп отыр. Биыл оған 16 аудан мен қала қатысты — барлығы 460 оқушы. Жарыс футзал, баскетбол, үстел теннисі, шахмат, әскери-қолданбалы спорт және тоғызқұмалақтан өтті, — деді балаларға арналған қосымша білім берудің өңірлік ғылыми-практикалық орталығының әдіскері Әділ Нұрпейісов.

Үстел теннисінде Нұра және Шет аудандарынан Аслан Әбілғазы мен Ұлболсын Кегенбай жеңіске жетті.

Тоғызқұмалақтан бірінші орын қарағандылық Айша Дихан мен Бұқар Жырау ауданынан Әлихан Амантаевқа бұйырды.

Шахматта теміртаулық Дмитрий Аушев және Сәтбаев қаласынан Әлем Джункураева жеңімпаз атанды.

Үздік баскетболшылар — Осакаров ауданының командасы.

Әскери-қолданбалы спортта Қарағанды бірінші болды.

Футзалдағы біріншілік Балқаштан келген командаға тиесілі.

Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен және медальдармен марапатталды.

Бірінші орын иегерлері мамыр айында Щучинск қаласында өтетін республикалық спартакиадаға қатысады.

SportFEST Kazakhstan — Қазақстанның 17 өңірінде болашақ чемпиондарды қолдаудың бірегей жобасы.