
Сәкен Сейфуллин атындағы Жаңаарқа аудандық тарихи-өлкетану мұражайында қаңтар айындағы оқиғалар кезінде ерлікпен қаза тапқан гвардияшы Айбат Амановты еске алу бұрышы ашылды. Экспозицияда солдаттың жеке заттары мен оның күнделігі қойылған.

– Біздің отбасымыз үшін бұл естелік. Әлі күнге дейін Айбаттан айырылып қалғанымызға сене алмаймыз. Біз мұражайға оның әскери формасын, күнделікті өмірін армияда жазған жеке күнделігінің көшірмесін, оның қаламын, көзілдірігін және алғыс хаттарын тапсырдық. Оның есімі ұмытылмағанын қалаймыз. Біз үшін ол батыр, – деді марқұмның әпкесі Иннабат Аманова.
Сарбазды еске алу экспозициясы тұрақты болады. Мұражай қызметкерлері оқушыларды сабақтан тыс іс-шараларға шақырып, оларға батыр туралы айтып беруге ниетті.

Айбат Аманов 2003 жылы Атасу кентінде дүниеге келген. Талдықорған қаласында ҚР Ұлттық ұланының №5514 әскери бөлімінде әскери борышын өтеген. Бесінші қаңтарда гвардияшы қызметтестерімен бірге Талдықорғанда тәртіпті қалпына келтіруге қатысып, қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындай отырып, қаза тапты. Айбат қайтыс болғаннан кейін III дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталды.