Жеңіс Қасымбек Приозёрск қаласының тұрғындарымен кездесті

Жеңіс Қасымбек Приозёрск қаласының тұрғындарымен кездесті

Приозёрск қаласының тұрғындары Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбекке қалада қандай әлеуметтік нысандар жетіспейтінін айтып берді. Сонымен қатар оларды туризмнің дамуына қатысты да мәселе толғандырады.

Аймақ басшысымен кездесу "Достық" балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығының ғимаратында өтті. Оған қоғамшылдар, жанашыр қала тұрғындары жиналды. Жеке сипаттағы ғана емес, жалпы қаладағы өмірді жақсартуға қатысты мәселелер көтерілді.

Приозёрск тұрғындары жастарды сұранысқа ие мамандықтарға оқыту үшін колледж ашуды сұрады. Сонымен қатар, кездесуге қатысушылар Мәдениет үйі мен дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу қажеттілігі туралы айтты. Облыс әкімі жыл соңына дейін ДСК жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуді тапсырды.

— ДСК-дан бастайық, Мәдениет үйі бойынша мәселені біртіндеп шешетін боламыз. Колледжге қатысты біз сіздерді қолдаймыз, нұсқаларды қарастырамыз. Әрбір мәселені бақылауда ұстайтын боламын, — деп сендірді Жеңіс Қасымбек.

Тұрғындарға Балқашпен автобус қатынасының болмауы да қолайсыздық тудыратыны айтылды. Бұл ретте маршрут ұйымдастырылады деп уәде берілді.

Приозёрск Балқаш курорттық аймағына кіреді. Кездесуге қатысушылардың пікірінше, туризмді насихаттауға және демалуға жағдай жасауға көп көңіл бөлу керек.

— Біздің қаламызды көптеген қазақстандықтар біледі. Туристердің көбірек келуін қалаймын. Ол үшін саланы дамытып, пиарды күшейту қажет, — деп атап өтті Приозёрск қаласының тұрғыны Әділбек Бердімұратов.

Өткен жылы қаладағы Балқаш көлінің жағалауы абаттандырыла бастады. Биыл этноауыл, ойын-сауық кешенінің құрылысы жоспарлануда.

Әр қатысушы өз ойын айта алды. Ашық микрофон форматындағы мұндай кездесулер биліктің тиімді диалогын құруға мүмкіндік береді.

— Жергілікті билік шеше алмайтын мәселелерді тікелей айтуға мүмкіндік бар. Бүгін біз өз проблемаларымыз туралы айттық, — дейді қала тұрғыны Нұрғали Қарабеков.

Жеңіс Қасымбек сонымен бірге жеке қабылдау өткізді. Приозёрск тұрғындары тұрғын үй, көшелерді жарықтандыру және абаттандыру мәселелерін қозғады. Тұрғындардың бірі Транспортная көшесіндегі жолды ретке келтіруді өтінді.

Жеңіс Қасымбек қаржы тауып, биыл жөндеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Сарышаған тұрғыны, көп балалы ана Алма Әбілдаева өз ісін кеңейтуге қолдау көрсетуді сұрады. Ол балық өңдеумен айналысады, бірақ қосымша жабдық сатып алу үшін грант ала алмады.

Облыс әкімі әйелге қолдау көрсетудің жолдарын қарастырып, мәселені шешуді тапсырды.

Жалпы, облыс басшысы шешімі табылмайтын мәселелер жоқ екенін, бірте-бірте барлық мәселені шешетінін айтты. Жергілікті билік алдына ай сайын әрбір қойылған сұрақтың шешілу барысы туралы баяндап отыру міндетін қойды.