Қазақстанның жұмыс берушілері үшін "Еңбек кеңесшісі" онлайн-сервисі іске қосылды

Қазақстанның жұмыс берушілері үшін "Еңбек кеңесшісі" онлайн-сервисі іске қосылды

Еңбек ресурстарының порталы enbek.kz пилоттық режимде "Онлайн еңбек кеңесшісі" сервисін іске қосты. Виртуалды көмекші жұмыс берушілерге еңбек заңнамасының талаптарын, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды сақтау бойынша өз қызметін тексеруге мүмкіндік береді.

Интерактивті режимде жұмыс берушілер еңбек заңнамасының қыр-сырын түсініп, алдын ала бұзушылықтарды түсініп қана қоймай, оларды жою бойынша ұсынымдар мен тәсілдерді де ала алады.

Өз мәселелерін алдын ала пысықтап, нақты тексеру жағдайында жұмыс беруші нұсқамалар мен әкімшілік айыппұлдардан аулақ бола алады.

Тексеру жасырын түрде жүргізіледі, алдын ала тіркеу де талап етілмейді. Еңбек жағдайлары, қызметкерлер құрамы мен санаттары бойынша жалпы сауалнаманы толтыру жеткілікті.

Қазір сайтта өзін-өзі тексеруге арналған бірнеше тақырыптар бар: жұмысқа қабылдау мен еңбек тәртібінен бастап қауіпсіздік және еңбекті қорғау талаптарына дейін.