
Қарағанды индустриялық университетінде қалалық цифрлық экожүйені дамыту бойынша өзекті міндеттерді шешуге бағытталған Теміртау қаласының жалпы білім беретін мектептері мен колледждері оқушыларының хакатоны өтті. Оған 14 команда қатысты. №9 лицейдің оқушылары "ақылды" урна, кварцтық шам және антисептикке арналған бүріккіш әзірлемелерін ұсынып, жеңімпаз атанды.

Инновациялық жобалар үш бағыт бойынша әзірленді:
- "ақылды" қала;
- "ақылды" университет;
- қоғам өміріндегі ақпараттық технологиялар.
Хакатон жеңімпаздары - №9 лицей оқушылары Бейбарыс Ергешбаев пен Бекарыс Хиса "Абай бол, өзіңе қамқор бол!" жобасын ұсынды. Олардың есебінде үш өнертабыс бар. Бұл автоматты түрде ашу және жабу функциясы бар қолданылған маскаларға арналған "ақылды" қоқыс жәшігі. Ол қозғалыс сенсорынан жұмыс істейді. Сондай-ақ, лицей оқушылары таймер бойынша қосылатын және кварцтау уақытында үй-жайдан шығу қажеттілігі туралы хабарлайтын автоматтандырылған кварц шамын таныстырды. Сондай-ақ, қозғалыс сенсоры іске қосылған кезде бүркілетін антисептикалық спрей.

Екінші орынды Теміртау жоғары политехникалық колледжінің командасы құрамындағы Дмитрий Шмидт, Тимофей Ергунов және Елена Илясова иеленді. Олар dex-SU-AZ Platon жобасын ұсынды. Бейне сараптаманың көмегімен тұлғаны тану арқылы оқу орындарындағы өткізу режимін автоматтандыруға арналған бағдарлама Python жоғары деңгейлі бағдарламалау тілінде жазылған. Жобада сондай-ақ үй-жайға кіре берістегі оқушылардың температурасын бақылау үшін шешім ұсынылды.
– Бағдарламалық кодты әзірлеу мен жазуды ескере отырып, жобаны іске асыруға бізге үш ай қажет болды. Мен жеке өзім Python бағдарламалау тілін үйрендім, онымен төрт жыл жұмыс істеп келем. Хакатон маған тек жағымды эмоциялар қалдырды, мен жаңа тәжірибе алдым, осындай іс-шараларға қатысуды жалғастырғым келеді, – дейді Дмитрий Шмидт.
TemirTau-2022 хакатонындағы үшінші орын №14 ЖББОМ оқушысы Антон Шутовқа бұйырды. Ол "EITable Менделеев кестесінің негізгі элементтерін есте сақтауға арналған мобильді қосымша" жобасын ұсынды.
