
Нұра көпсалалы колледжіне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері және кәсіптік білім беру ісінің құрметті қызметкері, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Болат Әбдікәрімовтің есімі берілді.

Ол Нұра ауданының тумасы. Педагогиканың, кәсіптік білім берудің теориясы мен әдістемесінің, этнопедагогиканың дамуына өлшеусіз үлес қосты. Болат Әбдікәрімов 300-ден астам ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектердің авторы, көптеген ғылым докторлары, кандидаттары мен магистрлерін тәрбиелеп шығарды.

Нұра ауданында оның өмірі мен еңбек жолына арналған конференция өтті. Оған академик інісі мен жұбайы Оралбай мен Тазагүл Әбдікәрімовтер, достары, әріптестері, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов және ҚР Білім және ғылым министрлігінің балалар құқығын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев қатысты.

– Болат Әбдікәрімұлы еліміздің білім беру жүйесінің дамуының бастауында тұрды. Ғалымның есімі оның туған жерінде орналасқан колледжге берілуі кездейсоқ емес, – деп атап өтті Абзал Нүкенов. – Колледждің профессорлық-оқытушылық құрамының алдында ел мақтан ететін мамандарды тәрбиелеу – үлкен де жауапты міндет тұр. Әсіресе, аудан елордаға жақын орналасқандықтан, түлектер еңбек нарығында сұранысқа ие болатынына сенімдімін.