
27 ақпанда «Шалқыма» концерт залында ASTANA OPERA халықаралық опера академиясы студенттерінің гастрольдік сапары өтеді. Тыңдаушылар назарына фортепианоның сүйемелдеуімен сүйікті ариялардан құралған «Опера кереметі» атты бағдарлама ұсынылады.
Қарағанды жұртшылығы опера репертуарының алтын қорынан танымал әрі сүйікті туындыларды тыңдайды. Гастрольдік бағдарламаға арналған музыкалық композицияларды академияның көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеев таңдады. Кеште бельканто, классицизм және верисмо дәуіріндегі Батыс Еуропа және Ресей композиторларының ариялары лирикалық және драмалық образдармен орындалады, сондай-ақ қазақ композиторларының шығармалары музыкалық кештің сәнін келтіреді.
– Біз қызықты бағдарлама дайындап жатырмыз және көрермендер студенттерімізді, олардың вокалдық қабілеттері мен шеберлігін, ұстаздық еңбегімізді бағалайды деп сенеміз. Жасыратыны жоқ, ұстаздар үшін студенттердің әрбір сахнаға шығуы да өзіндік емтихан болып табылады, – деп бөлісті вокал мұғалімі Франческо Медда (Бельгия).
Концерттің басталуы 17:00.