
Қарағанды облысында 14 ақпаннан бастап "Балалардың жолдағы қауіпсіздігі" республикалық жедел алдын алу іс-шарасы өтуде. Жыл басынан бері өңірде балалардың қатысуымен екі жол-көлік оқиғасы тіркеліп, екі бала түрлі дәрежедегі жарақат алған.
Жедел алдын алу іс-шараларына жергілікті полиция қызметі мен әкімшілік полиция бөлімшелері құзырлы мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып қатысады. Оның мақсаты – кәмелетке толмаған жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын ЖКО санын азайту, сондай-ақ балалар жарақатының алдын алу.
"Балалар – жол қозғалысының ең қорғалмаған қатысушылары. Сондықтан олардың жолдағы қауіпсіздігін ересектер қамтамасыз етуі керек: ата-аналар, мұғалімдер, тәрбиешілер, жолаушылар және көлік жүргізушілері. Олардың көрсеткен үлгісі – баланы оқытудың ең түсінікті, әрі тиімді тәсілі", – деп атап өтті Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жедел алдын алу іс-шарасы аясында облыстың білім беру нысандарында оқушылармен кездесулер, тақырыптық сабақтар мен дәрістер өткізіледі. Жолдарда жол-патрульдік қызметінің патрульдеуі күшейтілді. Жаяу жүргіншілер және жүргізушілермен профилактикалық әңгімелер жүргізілуде.
Айта кету керек, Қарағанды облысының аумағында 499 жалпы білім беру мекемесі орналасқан, оның 206-ы қалаларда және 293-і ауылдық жерлерде орналасқан. Автожолдарға жақын жерде орналасқан 183 мектеп бар.