
Щучинск қаласында "Балдәурен" РОСО базасында 2–7 сынып оқушыларының "Зерде" XVII республикалық зерттеу жобасының және шығармашылық жұмыстары байқауының жабылу салтанаты өтті. Қарағанды облысынан 18 жас зерттеушілер қатысып, жоғары нәтижелер көрсетті. Өңірдің марапат қоржыны екі алтын, бес күміс, үш қола медаль және үш грамотамен толықтырылды.

Қазылар алқасы барлығы 62 команда, 423 оқушы, 361 жұптық және 299 жеке жұмыстарды бағалады.

Жамбыл атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Фариза Рахманқұлова (жетекшісі – Мейрамкүл Табынбекова) және №101 мектеп-лицейінің 4-сынып оқушысы Мерей Жұмаділдина (тәлімгері – Рыскүл Манас) 1-дәрежелі диплом иегерлері атанды.

– Біздің жобамыздың тақырыбы – "Үш мың жылдық тарихы бар Сарыарқа". Қазіргі Қазақстан археологиясының ұлы жаңалықтарының бірі – Орталық Қазақстан аумағынан табылған пирамидасы. Археологтар бұл ежелгі қабірді қола дәуірінің беғазы-дәндібай мәдениетіне жатқызады. Ғалымдардың пайымдауынша, үш мың жылдық қорым сол замандағы хандардың біріне арналып салынған. Пирамиданың құрылысы да ерекше. Жоба барысында Мерей Қаражартас қорымының сыртқы құрылысы туралы айтып берді. Ол сондай-ақ оны Мысырдағы пирамидалармен салыстырды, түрлі бейне репортаждар жасады. Мерей Қаражартастан табылған түрлі артефактілер туралы ақпарат жинап, археолог тарих ғылымдарының кандидаты Игорь Кукушкинмен сұхбат жүргізді, – деді Рыскүл Манас.

Конкурсты ұйымдастырушы – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығы.