
Саламат Икен туған ауылы Жаңаарқа ауданында кинозал ашты. Онда жергілікті тұрғындар фильмдер тамашалап қана қоймай, дәмді тамақтана алады.

25 жастағы кәсіпкер «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқудан өтті. Қажетті білім алған жас жігіт жергілікті тұрғындар үшін тәтті гүл шоқтарын шығара бастады. Алайда, ауылда шоколад гүлдері мен басқа да кондитерлік тағамдарға деген сұраныс тек мерекелік күндерде ғана болады, сондықтан Саламат кинокафе ашуға шешім қабылдаған.

– Мен бизнес-жоспар құрып, аудан әкімінің грантына өтінім бердім. Байқаудан өтіп, 500 мың теңге алдым. Өз қаражатымды қосып, проектор мен басқа да қажетті жабдықты сатып алдым. Кинокафе ғимаратын біз досымыз Әлібекпен бірге жалға аламыз. Мен келушілерге фильмдер көрсетемін, ал досым оларды тамақтандырады, – дейді кәсіпкер.

Кинокафе жақында ашылғанына қарамастан, тұрғындар арасында өте танымал.
– Кино көру үшін бізге балалар да, ересектер де келеді. Болашақта біз екінші зал ашамыз деп үміттенеміз. Мен өзіме жұмысқа көмекші алуды жоспарлап отырмын, – деп бөлісті Саламат.