ҚР Премьер-Министрінің орынбасары мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Қарағандыға жұмыс сапарымен келді

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Қарағандыға жұмыс сапарымен келді

25 тамызда Қарағанды облысына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ербол Орынбаев пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова жұмыс сапарымен келді. Олардың назар аударған басты мәселесі – аймақтағы «Еңбекпен қамту - 2020» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жайы болды.

Қонақтар облыста бұл бағытта белсенді жұмыстың жүргізіліп жатқандығына қанығып қайтты. Ағымдағы жылы Қарағанды облысына бағдарламаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 6 млрд. 464 млн. тең бөлінді. Баршаға белгілі, аталмыш құжатта негізінен үш бағыт қарастырылған. Біріншісі – «Өзін-өзі жұмыспен қамтитын, жұмыссыз және аз қамтылған тұрғындарды оқыту және жұмысқа тұруына көмектесу». Ол кадрларды даярлауды, қайта даярлау мен біліктілігін арттыруды көздейді. Өңірде бұл бағыт бойынша 2 мың адам оқытылатын болады. Ол үшін 41 оқу орны (лицейлер мен колледждер) анықталып, солардың базасында аса қажетті 32 мамандық бойынша оқыту жүргізілетін болады. Аталмыш мамандықтардың тізімі «Еңбекпен қамту - 2020» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша құрылған аймақтық комиссия отырысында бекітілді. Сонымен қатар бағдарламаға 2009 және 2010 жылдардағы «Жол картасы» бойынша оқытылуы тиіс 553 адам енгізілді. «Ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсету» деп аталған екінші бағытты жүзеге асыруға жалпы соманың 1 млрд. теңгеден аса қаражаты бөлінді. Бұл ретте 510 млн. теңге 775 қатысушыны несиелеуге және дәл осындай сома инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына бөлініп отыр. Несиелеумен қатар ауыл тұрғындарын кәсіпкерлік негіздеріне оқыту да көзделінуде. «Еңбек ресурстарының ықшамдылығын арттыру» атты үшінші бағытқа келер болсақ, оның қатысушыларына 76 мың шаршы метр көлемде тұрғын үйді салу, қалпына келтіру немесе сатып алу жоспарланып отыр. 30 мың шаршы метрге жуық баспана биылғы жылдың өзінде іске қосылмақшы. 2011 жылдың 1 шілдесінен бастап Қарағанды облысында тұрғындарды еңбекпен қамтудың 19 орталығы жұмысын бастады. Олардың қызметі «Еңбекпен қамту - 2020» бағдарламасында көзделген мемлекеттік қолдау шаралары аясында азаматтарды сапалы қызметпен қамтамасыз ету болып табылады. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі жұмыс сапарының барысында Осакаров ауданында орналасқан осындай орталықтардың біріне ат басын тіреді. Онда қонақтар жұмыс кабинеттерін көріп, «Еңбекпен қамту» компьютерлік жүйесінің жұмысымен танысты, келушілермен пікірлесті. Жұмыс сапары Теміртау қаласында жалғасын тапты. Мұнда Ербол Орынбаев, Гүлшара Әбдіхалықова және Қарағанды облысының әкімі Серік Ахметов «NORD Пром НС» ЖШС барды. Бұл кәсіпорын темір бетонды өнімдер шығарады. Ағымдағы жылдың мамыр айында осы зауытта Индустриаландыру картасына енгізілген бетоннан жасалған теміржол шпалдарын шығаратын инвестициялық жоба іске қосылған болатын. Өндірісте итальяндық ең соңғы үлгідегі технологиялық желі қолданылады. Бұл - Қазақстан Республикасындағы жоғары жылдамдықты жолдарға арналған темір бетонды шпалдар шығаратын жалғыз кәсіпорын. Зауыт қазірдің өзінде шығарған өнімдерін «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ жеткізу жөнінде келісімдер жасап отыр. Қарағандыда лауазымды меймандар «Гиппократ» МФ ЖШС мен Қарағанды политехникалық колледжіне барып, жұмыстарымен танысты. Бұл мекемелер де жоғарыдағы «NORD Пром НС» ЖШС сияқты «Еңбекпен қамту – 2020» бағдарламасының белсенді қатысушылары болып табылады. 2010-2011 жж. «Гиппократ» ЖШС-нің «Қалпына келтіру емдеу мен медициналық реабилитация орталығын жаңғырту мен жабдықтау» жобасының несиесі субсидияланды. Бұл медициналық қызметкерлер үшін жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік берді. Политехникалық колледжде оңтүстіккореялық «АНА» компаниясымен бірлесе отырып, ТМД елдерінде теңдесі жоқ интерактивті инновациялық оқыту құрылғыларын құрастыру мен өндіру іске асырылуда. Бұл политехникалық колледж сондай-ақ бүгінгі таңдағы сұранысқа ие мамандықтарға оқытатын оқу ордаларының бірі болып табылады. Сапар соңында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ербол Орынбаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова және облыс әкімі Серік Ахметов брифинг өткізіп, журналистердің қойған сұрақтарына жауап берді. Облыс әкімінің баспасөз қызметі