
Қарағанды қаласының Слямия Саттаров атындағы мектеп-лицейінде Қазақстанның еңбек сіңірген мұғаліміне арналған мұражай ашылды. Белгілі Қарағанды педагогының еңбектері арқасында XX ғасырдың білім беру жүйесі туралы жалпы түсінік берілді және қосымша шығармашылық білім беру мен оқушылардың белсенділігі үшін жаңа кеңістік құрылды.

Мұражай құру идеясы мектеп директоры Салтанат Жүнісоваға тиесілі. Бұл бастаманы Слямия Саттаровтың отбасы, мектеп оқушылары мен оқытушылары қолдады.

Слямия Саттаров Қарағанды облысының белгілі білім беру қызметкері болған, жоғары деңгейдегі грамоталары мен марапаттары бар, Қазақ КСР және КСРО Ағарту ісінің үздігі болған. 45 жылдан астам облыстың білім беру жүйесінде қызмет етті, орта мектеп мұғалімі және педагогикалық мектептің директоры болды. Ұзақ жылдар облыстық және қалалық білім бөлімдеріне басшылық еткен. 50–80-ші жылдары ол мектепте білім беруді дамытуда Қарағанды облысының жетекші орынға жетуіне үлкен үлес қосты.

Мұражай экспозициясына педагогтың отбасы ұсынған жеке мұрағаттан алынған фотосуреттер, құжаттар мен заттар, сондай-ақ кеңестік мектепке қатысты әртүрлі артефактілер кіреді. Әрбір келуші кеңес заманындағы үстелді тамашалап, оның жанына отыра алады, бормен үлкен графит тақтаға өз пікірін жаза алады, орыс тіліндегі мәтінді оқу үшін ұялы телефондағы QR кодын қолдана алады.

– Мұражай – бұл балалар көрмелеріне арналған орын, зерттеу және шығармашылық қабілеттерін, патриотизмді дамытуға, оқушылардың ой-өрісін кеңейтуге, мәдени-тарихи мұра туралы бірыңғай түсінікті қалыптастыру мақсатында ерекше білім беру ортасын құруға арналған интерактивті алаң. Сондықтан мұражайдың атмосферасы тарихи тұрғыдан да, балалық шақтың энергиясымен де ерекшеленеді, – деп бөлісті мектеп директоры Салтанат Жүнісова.

Мұражайды құру бойынша тұтас шығармашылық топ жұмыс жасады: білім беру ардагері Тілеуғали Әміртайұлы, мұражай кураторы және өнертанушы Гүлдана Сафарова, суретші-дизайнер Эрик Мәкенов, журналист және аудармашы Гүлнар Бұхарбаева және Саттаровтар отбасы атынан Гүлнар Саттарова.
