
2022 жылғы қаңтарда Қарағанды облысынан медициналық сақтандыру қорына түскен түсімдер 2,6 млрд теңгені құрады. Оның 1,2 млрд теңгесін жұмыс берушілер аударды. 1,3 млрд теңге – жеке кәсіпкерлердің, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс істейтін азаматтардың және дербес төлеушілердің жарналары. Тағы 13,2 млн теңге бірыңғай жиынтық төлем төлейтін облыс тұрғындарынан түсті.
Биыл қарағандылықтар үшін БЖТ 3 063 теңгені (1 АЕК), басқа елді мекендердің тұрғындары үшін – 1 531,5 теңгені (0,5 АЕК) құрады.
– Естеріңізге сала кетейік, МӘМС жүйесінде жалдамалы қызметкерлердің, дербес төлеушілердің, жеке кәсіпкерлердің мәртебесі соңғы 12 айда жарналар бойынша берешегі болмаған кезде сақталады. БЖТ төлеушілерде мәртебе қатарынан үш ай бойы, соның ішінде ағымдағы ай үшін БЖТ төлемдері болған кезде пайда болады және сақталады. Сіз өзіңіздің мәртебеңізді fms.kz сайтынан, Qoldau-24/7 мобильді қосымшасы арқылы @SaqtandyryBot телеграм-ботында немесе жеке кабинетте eGov.kz ЖСН нөмірі бойынша тексере аласыздар, – деп толықтырды медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалы бөлімінің бас сарапшысы Жанар Рақышева.
Медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалының ақпараты бойынша