Хоккей ардагерлері Нұра ауданында жолдастық кездесу өткізді

Хоккей ардагерлері Нұра ауданында жолдастық кездесу өткізді

Нұра ауданында "Сырыарка" хоккей командасының ардагерлері мен жергілікті "Арлан" әуесқойлар тобы жолдастық матчта кездесті. Кездесу 9:8 есебімен қонақтардың пайдасына аяқталды.

Жолдастық матч Нұра кентіндегі хоккей кортында өтті. Кездесудің алғашқы минуттарынан бастап командалар арасында қызу күрес басталды. Ойыншылар бір-біріне берілгісі келмеді. Ойын барысында командалар кезек-кезек шайба жүргізіп, негізгі уақыт 7:7 есебімен аяқталды. Бірақ қосымша минуттарда "Сарыарқа" командасының ойыншылары артықшылыққа ие болып, матч қонақтардың пайдасына 9:8 есебімен аяқталды.

– Матч тамаша өтті. Біздің команданың капитаны әкім Аян Шалмағамбетов болды. Біз "Сарыарқа" командасымен кездесіп, үлкен тәжірибе жинадық. Оларға ойын үшін алғыс айтқым келеді, – деді "Арлан" командасының мүшесі Евгений Шевченко. – Нұра ауданында қысқы спорт түрлеріне жағдай жасалып жатқаны қуантады. Мысалы, біздің команда хоккей формасын сатып алды. Енді біз толық жасақталып, жарыстарда аудан намысын қорғауға дайынбыз.

Жолдастық матч соңында команда ойыншылары қол алысумен және естелік сыйлықтармен алмасты.