
Impact Olympiad математика, физика және информатика пәндері бойынша олимпиада резервінің мұғалімдері мен жаттықтырушыларының IV Халықаралық ашық шығармашылық олимпиадасына Қазақстан, Қырғызстан, Грузия және Моңғолия өкілдері қатысты. Қарағандылық оқытушылар жүлделі орындарға ие болды.
Мәселен, Н. Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернаттың информатика пәнінің мұғалімі Мағжан Қауланов екінші орынды иеленді. Ал үшінші орын Шәкәрім атындағы гимназияның математика пәні мұғалімі Людмила Жукова және М. Жұмабаев атындағы гимназияның информатика пәнінің мұғалімі Анар Мұқановаға бұйырды.
Олимпиаданың ең жас қатысушысы физика бойынша жаттықтырушы – №1 «Білім-инновация» лицей-интернатының 11 сынып оқушысы Өмір Байбосынов болды, ол біздің облыс құрамасының қоржынына тағы бір үшінші орын әкелді.
Сондай-ақ, зияткерлік жарысқа қатысқан бес педагог сертификаттарға ие болды.
Математика, физика және информатика пәндері бойынша олимпиада резервінің мұғалімдері мен жаттықтырушыларының халықаралық шығармашылық конкурсын жыл сайын «Республикалық физика-математика мектебі» коммерциялық емес акционерлік қоғамы «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығымен бірлесіп өткізеді.