
Теміртауда «Таңшолпан» балабақшасының күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Мектеп жасына дейінгі балаларды жайлы топтар, заманауи ойын залдары және жаңартылған бассейн күтеді.

Мекемеде күрделі жөндеу жұмыстары 2020 жылы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша басталды. Құрылыс жұмыстары кезінде «Таңшолпан» тәрбиеленушілері басқа балабақшаларға таратылды.

— Балабақша өз жұмысын 1995 жылы бастады. Ғимаратқа жөндеу жасау қажет еді. Онда қасбет металлсайдингпен безендіріліп, қапталды, бассейн мен кір жуатын бөлмелерініңі шатыры металлдан төселді, пластикалық терезелер орнатылды, кіреберіс және бөлмеаралық есіктер ауыстырылды, жылыту, суық және ыстық сумен жабдықтау, кәріз және желдету жүйелері жөнделді, — деді Теміртау әкімдігінің баспасөз хатшысы Гүлнұр Әбдіғалиева.

Сонымен қатар барлық бөлмелерде әрлеу жұмыстары жүргізілді. Электр және сантехникалық жабдықтар ауыстырылды.

Бассейн қалпына келтірілді. Сондай-ақ мектепке дейінгі ұйымда заманауи өрт дабылы мен бейнебақылау жүйесі орнатылған.

«Таңшолпанда» барлығы 330 орынға есептелген 14 топ бар. Екі қабатты ғимарат толығымен ретке келтірілген. Ішкі жұмыстардан басқа, іргелес аумақ абаттандырылды, асфальт төселді, шағын сәулет нысандары орнатылды.

Айта кету керек, биыл Теміртауда тағы үш мектепке дейінгі мекеме жөнделеді.