
Шахтинск қаласында тұратын жас кәсіпкер Еркебұлан Хадылбек өткен жылдың соңында қала әкімінің миллион теңге грантын жеңіп алды. Жақында ол Шахтинск қаласында ерлерге арналған жалғыз салон – барбершоп ашты.

Еркебұлан өзінің жеке бизнесін құруды ойлап, бәсекелестерді талдаудан бастады. Сараптай келе, ол қаладағы әйелдер сұлулық салондары жеткілікті екенін анықтады. Бұл тұрғыда ер адамдарға таңдау мүмкіндігі аз екенін байқады.

– Бизнес-идеямен конкурсқа шықпас бұрын, бұл істе не қажет екенін түсіну керек, – дейді кәсіпкер. – Мен, мысалы, шашыма, сақалыма көп көңіл бөлемін, сондықтан мен барбершоп ашуды шештім. Нарықтың жаңа мүмкіндіктерін табу өте қиын екенін жиі естимін. Менің ойымша, мүмкіндіктер жеткілікті. Бар болғаны жеңіске сенім мен жалқаулыққа жол бермеу керек.

Гранттан жеңген қаражатын Еркебұлан шаштаразға және электронды техникаға салды. Сондай-ақ жалға алған үй-жайды жөндеуге тағы бір миллион теңге жұмсауға тура келді.

– Мен шаш үлгісін жасап, сақалын қыратын ерлер салонын ғана ашқым келмеді. Менің барбершоп салоным – бұл ер адамдар әсем интерьерде отырып, әңгімелесіп, ерекше атмосфераға шому мүмкіндігін беретін орын. Мемлекеттің сенімін ақтап, жастарға үлгі көрсетіп, өз қаламыздың дамуына аз да болса үлес қосқым келеді, – дейді ісін жаңа бастаған бизнесмен.

Қазір ерлер салонында төрт адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта Еркебұлан өз бизнесін кеңейтіп, жұмыс орындарының санын көбейтпекші.

Шахтинск қаласының ЖРО хабарлағандай, 2021 жылы жас кәсіпкерлерді қолдауға 15 млн теңге бөлінді.