
Бағаның өсуі, медперсоналдың жетіспеушілігі және тұрғын үй проблемалары – бұл Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің Сәтбаевта азаматтарды жеке қабылдауы кезінде көтерілген басым мәселелер болды. Мұнда өңір басшысы жұмыс сапары барысында қала активімен, тұрғындармен кездесіп, ашық форматта әңгіме өткізді.

Кездесуде сондай-ақ абаттандыру, инженерлік желілердің тозуы, апатты үйлер және әлеуметтік нысандарды жөндеу мәселелері талқыланды. Бүгінгі таңда қала бойынша 13 көппәтерлі үй апаттық жағдайда деп танылды.
Өткен жылы Сәтбаев тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді, дегенмен қалада әлі де шешімі табылмаған мәселелер жеткілікті.

Тұрғындар коммуналдық қызметтің жұмысына наразылық білдіруде, білікті медициналық маманедырдың тапшылығына шағымдануда.
Қала әкімі Асқар Ыдырысовтың айтуынша, медицина мен тұрғын үй мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді.
– «Қазақмыс» корпорациясымен меморандум аясында осы жылдың тамыз айында қаланың төменгі бөлігінде 500 келушіге арналған емхана құрылысын бастау жоспарлануда. ЖСҚ қазір аяқталу сатысында, – деп хабарлады Асқар Ыдырысов.
Биыл 56 пәтерлік үй салуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, 60 пәтерлі төрт үйдің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. «Қазақмыс» корпорациясы 30 пәтерлік ЖСҚ әзірлеуді аяқтауда.
Жеңіс Қасымбек әрбір мәселенің маңыздылығын атап өтіп, олардың барлығы назардан тыс қалмайтынына уәде берді.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі «Қазақстан» спорт кешенінің аумағында орналасқан спорт нысандарының жөнделуін тексерді.

Тұрғындардан мұз сарайының жай-күйіне шағым түсті. Ғимараттың ішіне жөндеу жасауға қаражат бөлінеді.

Хоккей корты жұмыс істейді, бірақ тоңазытқыш жабдықтарын, шатырды ауыстыру қажет.

Футбол стадионы да жөндеуді қажет етті.
– «Қазақмыс» корпорациясының демеушілігімен футбол стадионының күмбезі қалпына келтірілді. Бүгінгі таңда жұмыстар аяқталды, сондай-ақ жасанды жабын ауыстырылды. Жақын арада калориферлер орнатылады. Бұл футболшыларға суық күндері жайлы жаттығуға мүмкіндік береді, – деді Асқар Ыдырысов.

Әкімнің айтуынша, биыл бассейнді жөндеу аяқталады. Кейбір жұмыстар жасалды. Жақтау күмбезі жаңартылды, желдету жүзеге асырылады. Бір мәселе қалды – бассейн шарасының тозуы. Бірақ оны да биыл шешу көзделіп отыр, бұл бағытқа қаражат бөлінді.

Облыс әкімі қала басшысы Асқар Ыдырысовқа жөндеу жұмыстарын созбауды және барлық жұмыстарды қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды.