Қарағанды облысының тұрғындарына медициналық сақтандыру есебінен көзге 100-ден астам ота жасалды

Қарағанды облысының тұрғындарына медициналық сақтандыру есебінен көзге 100-ден астам ота жасалды

Бір жыл ішінде профессор Х. Ж. Мақажанов атындағы Қарағанды көпсалалы ауруханасында «глаукома» диагнозы бар пациенттерге 112 офтальмологиялық операция жасалды. Оларды медициналық сақтандыру қоры төлейді.

Өткен жылдың ақпан айында клиникада жаңа операция әдісі енгізілді – дренажды имплантациялаумен циклодиализ. Осы уақыт ішінде ол 37 рет сыналды. Бұл операцияның басты артықшылығы – дерттің қайталану пайызы төмен. Егер әдеттегі операциядан кейін қайта ота жасау қажеттілігі 2–3 жылдан кейін пайда болса, дренажды имплантациялаумен циклодиализден кейін ондай қажеттілік 10 жылдан кейін ғана туындайды. Сондай-ақ, дерттің қайталанбауы да әбден мүмкін.

Қарағандының тұрғыны Сергей Ли Х. Ж. Мақажанов атындағы ауруханаға 12 жыл бойы нәтижесіз емделуден және жеке клиникада екі операциядан кейін келіп түскен. Мұнда ол дренажды имплантациялау арқылы үш циклодиализден өтті.

– Мен квота бойынша келдім. Мұнда дәрігерлер науқастарға шынымен көмектескісі келеді. Мен бір көзімді соқыр деп ойладым, екіншісінде де глаукома пайда болды. Мақажановтағы операциядан кейін көзім ашылды. Мені өмірге қайтарды десем де болады. Ең бастысы – бұл жерде үлкен тәжірибесі бар және науқасқа көмектесуге ниетті дәрігерлер жұмыс істейді, - дейді Сергей Ли.

Профессор Х. Ж. Мақажанов атындағы көп салалы ауруханада глаукоманы емдеу жоспарлы және шұғыл түрде жүргізеді. Операциялар ТМККК және МӘМС шеңберінде тегін жасалады. Глаукомасы бар бір пациентті емдеу үшін медициналық сақтандыру қоры 165 мың теңге, дренажды имплантациялау операциясы үшін – 384 мың теңге бөледі.

– Дренажды имплантациялау операциясын жүргізу үшін толық офтальмологиялық тексеру мен диагностикадан кейін біз қоятын абсолютті көрсеткіштер бар. Бұл түрдің артықшылығы: процесті тұрақтандыру, көзішілік қысымның едәуір төмендеуі, көру функцияларын сақтау және жақсарту, ең бастысы, бұл қайталама операцияны талап ететін аурудың қайталану пайызын төмендетуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті профессор Х. Ж. Мақажанов атындағы аурухананың көз микрохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Динара Тоқсанбаева.

Медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалының ақпараты бойынша