Осакаров ауданы Сарыөзек ауылында қарағандылық кәсіпкер дәріхана ашты

Осакаров ауданы Сарыөзек ауылында қарағандылық кәсіпкер дәріхана ашты

Осакаров ауданы Сарыөзек ауылында дәріхана ашылды. Енді жергілікті тұрғындарға дәрі-дәрмек алу үшін аудан орталығына барудың қажеті жоқ. Олар үйдің жанында қажетті препараттарды сатып ала алады.

Дәріхана пунктін қарағандылық жеке кәсіпкер Алмагүл Тоқбергенова ашты. 

– Сарыөзек ауылдық округі әжептәуір үлкен. Тұрғындар көп, бірақ дәріхана болмады. Адамдар дәрі-дәрмек алу үшін шамамен 40 шақырым жердегі аудан орталығына немесе Қарағандыға баруға мәжбүр болды, – дейді Алмагүл Тоқбергенова. – Электрпойыз ауылға күніне екі рет кіретінін ескерсек, бұл әрдайым ыңғайлы бола бермейді. Осы мәселені және ауыл тұрғындарының сұранысын зерделеп, дәріхана пунктін ашуға бел будым. Мен қолайлы ғимарат таптым. Бірақ, ол қараусыз қалған бос үй-жай болды. Мен оны толығымен қалпына келтіріп, жөндеу жасадым. Жұмыстар әлі толық аяқталған жоқ. Бірақ қаңтар айының басында біз ашылдық. Әзірге келушілерге қызметті өзім көрсетемін. 

Алмагүлге ауылдық округтен тұрғын үй берілді. Бірақ ол әлі Сарыөзекте тұрақты тұра алмайды, сесебі тұратын үйін көшуге дайындау керек. Сондықтан әзірге Қарағандыдан жұмысқа баруға тура келеді. Бірақ, уақытша қиындықтарға қарамастан, ол өз бизнесін ауданда дамытуға дайын. Алдағы жылдары ол ауылдық округтерде тағы бірнеше дәріхана пунктерін ашпақшы.