
Қарағанды облысында қысқы ҰБТ-ны өткізу 25 қаңтар мен 22 ақпан аралығында жоспарланған. Тестілеу барлық санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтай отырып, үш пунктте өтеді.
ҰБТ өткізу пункттері Қарағанды, Балқаш және Жезқазғанда келесі мекенжайлар бойынша орналасқан: Қазақстан к-сі, 15а; Қазбеков к-сі, 12 (Балқаш көпсалалы колледжі); Байқоңыров к-сі, 123.
– Ұлттық бірыңғай тестілеу – жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына түсуге арналған іріктеу емтихандарының бір нысаны. 2021 жылдан бастап ҰБТ "бір компьютер – бір камера – бір тестіленуші" қағидаты бойынша электрондық форматта өткізіледі, – деп атап өтті Ұлттық тестілеу орталығының Қарағанды филиалының басшысы Динара Баймағамбетова.
Тестілеуге бес мыңға жуық адам қатысады деп күтілуде. Тіркелу кезінде түлектер ҰБТ тапсыру күнін, уақытын және орнын өздері таңдайды.
– Тестілеу кезінде ҰБТ өткізу пунктінің аумағында ата-аналардың, мұғалімдердің және басқа да адамдардың болуына жол берілмейді. Аудиторияларға тест тапсырушыларды қашықтықты сақтай отырып, баррикадалық таспалар арқылы кезек-кезекпен өткізеді. Түлектер бір-бірінен кемінде бір метр қашықтықта отырғызылады, – деді Динара Баймағамбетова. – Әрбір тестіленушінің органикалық шынымен қоршалған өз орны бар.
Короновирустық инфекцияның таралу қаупін азайту үшін тестілеу пункттерінде түлектер бетперде кию керек. Термометрия да жүзеге асырылады. Барлық пункттер санитайзерлермен, шектеу ленталарымен, дезинфекциялау кілемшелерімен жабдықталған. Әрбір аудиторияда пайдаланылған маскаларға арналған урналар, рециркуляторлар және бактерицидті шамдар орнатылған.
Білім беру грантын беру жөніндегі конкурсқа қатысу үшін немесе ақылы негізде оқуға қабылдану үшін мынадай шекті балдар белгіленген:
- "Педагогикалық ғылымдар" – кемінде 75 балл;
- "Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)" – кемінде 65 балл;
- "Ауыл шаруашылығы және биоресурстар", "Ветеринария" – кемінде 60 балл;
– Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін – кемінде 65 балл, басқа жоғары оқу орындарына түсу үшін – кемінде 50 балл.
Бұл ретте тестіленуші әрбір пән бойынша кемінде 5 балл жинауы тиіс. Жалпы, түлектерге 120 сұрақ беріледі. Олардың дұрыс жауаптары 140 балл боп есептеледі. Яғни, мамандандырылған пәндерде кейбір сұрақтар 0-ден 2 баллға дейін, ал қалған сұрақтар 1 баллмен бағаланады.