Қарағанды облысындағы проблемалық гидроқұрылыстар анықталды

Қарағанды облысындағы проблемалық гидроқұрылыстар анықталды

2016 жылы күзде мамандар Қарағанды облысындағы 91 сы нысанын қарады. Тексерудің қорытындысы бойынша, кейбір су қоймаларының иелерінің сенімділікті арттыруды ойламайтыны, қауіпсіздік шараларында үнемдейтіні белгілі болды.

Тексерудің нәтижелері бойынша ТЖ алдын алу және жою бойынша облыстық комиссияның отырысында облыстық ТЖД басшысы азаматтық қорғаныс полковнигі Ибрагим Күлшімбаев айтып берді.

«Тексерілген су нысандарының 18-інің негізінде бұзылымдар бар және бос тұр. Су қоймаларының көбінің техникалық жағдайы алаңдатарлық. Олардың қызметінің тұрақтылығын арттыру бойынша шаралар ұзақ уақыт бойы жүзеге асырылмаған, – деп атап өтті баяндамашы. – Бөгеттердің жоталарында шұңқырлар мен жарықтар бар. Бөгеттердің жоғарғы және төменгі құламалары деформацияланып, жөндеуді қажет етеді. Су ағызатын құрылыстар жұмыс істемейді, еріген қар суын ағызатын орындарда ағаш өсімдіктер өскен. Төменгі құламаларда фильтрация байқалады».

Оның айтуынша, Бұқар жырау, Ақтоғай, Абай, Шет, Осакаров аудандары мен Қаражал қаласындағы су қоймалары ең проблемалық болып табылады. Егер шаралар қабылдамаса, су тасқыны кезінде бұл нысандарда су арнасынан шығып, бөгеттер бұзылуы мүмкін.

«Бұқар жырау ауданында су қоймаларының тізіміне енгізілмеген үш нысан анықталды. Олар елді мекендер мен облыстың инфрақұрылымына әлеуетті қауіп төндіріп тұр. Атап айтқанда, Миньковская, Байқадам, Луполово бөгеттері», – деді И. Күлшімбаев.

Ақтоғай ауданында иесіз қалған 9 бөгет табылды.

Абай ауданында 16 су нысанының 5-уі, Шет ауданында 14 нысанның 8-і, Осакаров ауданында 5 нысанның үшеуі қауіп төндіріп тұр. Қаражалда екі су қоймасының біреуі қанағаттанарлықсыз жағдайда.

2015 жылдың қазан айында проблемалық гидроқұрылыстардың жағдайлары ТЖ алдын алу және жою бойынша облыстық комиссиясында қаралды. Әрбір нысан бойынша ұсыныстар берілді.

Жергілікті әкімдіктер проблемалардың жойылғандығы туралы есеп берді. Биліктің ақпаратына сәйкес, Абай ауданында иесіз қалған 17 нысан облыстық коммуналдық меншікке берілді.

«Олардың ақпаратының шынайылығы облыстық ТЖД ұйымдастырған рейдтік шаралар барысында тексерілетін болады», – деп атап өтті И. Күлшімбаев.

«Су шаруашылығы құрылыстары – бұл бірінші кезекте қауіп төндіретін нысандар, тек содан кейін ғана табыс табу көзі», деді облыс басшысы Н. Әбдібеков су құрылыстарының меншік иелеріне қаратып айтқан сөзінде.

Отырыс барысында облыстың қалалары бойынша ТЖ резерві орта есеппен 223 млн теңгені, аудандар бойынша – 133,8 млн теңгені құрайтыны мәлім болды.

Облыс әкімі жергілікті атқарушы органдарға қаржылық және материалдық-техникалық құралдар қорын қалыптастыру мәселесін қайта қарауды тапсырды. Аймақта су тасқынына дайындық жұмыстар ерекше бақылауға алынды.