Қарағанды облысында су тасқыны ғарыштан бақыланбақ

Қарағанды облысында су тасқыны ғарыштан бақыланбақ

Қарағанды облысының әкімдігінде ТЖ алдын алу және жою бойынша облыстық комиссия отырысында 2017 жылғы су тасқынына дайындық барысы талқыланды.

«Қазгидромет» РМК болжамынша, көктемде су мол болады. Бүгінде өзендердің бассейндерінде қардағы су қоры 2016 жылдағыға қарағанда аз. Бірақ барлық жерде дерлік шамадан тыс мөлшері байқалады – 2-ден 83% дейін.

Бүгінгі саясат мынадай: ерлікпен салдарын жойғанның орнына алдын алған дұрыс. Қарағанды облысы әкімінің «2017 жылғы су тасқыны кезеңінде облыс аумағын және халықты қорғауды ұйымдастыру туралы» өкімі шықты және тиісті іс-шаралар жоспары бекітілді.

Өткен жылдан бері гидроқұрылыстарды жөндеу қолға алынды. Есептік мәліметтерге сәйкес, шығын 175 млн теңгеден асады. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдармен 23,4 км бөгет жасалды. Су тасу қаупі бар өзендерде судың жағасы мен түбі нығайтылды. Су басу қаупі бар 55 елді мекенде жергілікті хабарлау жүйелері орнатылды. Тиісті жұмыстар жалғасын табады.

Ақпан айы басталғалы мамандар өзендерді тексеру бойынша рейдтер өткізуде.

Облыс басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков су тасқынын ғарыштан бақылауды ұсынды.

«Гидроқұрылыстардағы жағдайды ғарыштан мониторингтеуге болады. Дала өрттерін солай бақылаймыз, бұл өз тиімділігін көрсетті. Ғарыштық мониторинг бойынша су тақыны жағдайын да солай бақылауға болады. Біз үшін бұл өте пайдалы болатын еді, – деп атап өтті аймақ басшысы. – Ұсыныстар енгізіп, пысықтау қажет».

Тағы да бір жаңалық. Бұқар жырау ауданының тұрғындары су тасқыны кезеңіне дайындық деңгейін өз бетінше бағалай алады. Биыл дайындықты тексеруге халықтық бақылауды да тарту туралы шешім қабылданды.

САНДАР:

Облыстағы өзендердің бассейндерінде орналасқан метеорологиялық станциялар мен гидрологиялық бекеттердің мәліметінше, қардағы су қоры келесідей:

Нұра өзенінің бассейнінде – норманың 168%, 2016 жылға қарағанда 14% аз;

Шерубайнұра өзенінің бассейнінде – норманың 143%, 2016 жылға қарағанда 10% аз;

Сарысу өзенінің бассейнінде – норманың 102%, 2016 жылға қарағанда 16% аз;

Қаракеңгір өзенінің бассейнінде – норманың 77%, 2016 жылға қарағанда 51% аз;

Көң, Жаманкөң өзендерінің бассейнінде – норманың 183%, 2016 жылға қарағанда 3 есеге артық;

Тоқырауын өзенінің бассейнінде – норманың 117%, 2016 жылға қарағанда 2 есесге аз.