Қарағанды облысында көп қабатты 30 тұрғын үйде жылыту қазандықтары жертөледе орналасқан

Қарағанды облысында көп қабатты 30 тұрғын үйде жылыту қазандықтары жертөледе орналасқан

Қарағанды облысында қазандық және автономды жылыту жүйелерін (АЖЖ) қайта тексеру жұмыстары аяқталды. Шахандағы қайғылы жағдайдан кейін облыс әкімі НұрмұхамбетӘбдібеков барлық жылу көздерін тексеруді тапсырды.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ұлантай Үсенов тексеру қорытындылары туралы баяндады.

– Барлық аудандар мен қалалар тексерілді. Өңірде 805 көп қабатты үйді, 643 әлеуметтік-мәдени нысанды және 90 басқа ұйымды жылытатын 72 қазандық және 688 АЖЖ бар. 140 жуық АЖЖ ғимараттарда орналасқаны анықталды, соның ішінде 30-ы көп қабатты үйлерде. Жылыту маусымы аяқталған соң осы АЖЖ сыртқа, тұрғын үйлердің жанындағы құрылыстарға шығару бойынша іс-шаралар жоспары жасалады.

Шаханда көп қабатты үйлердің жертөлелерінде 14 жылыту қазандығы орнатылды, соның ішінде Шет ауданының Ағадыр кентінде – 11 үйде, Саран қаласында – үш, Ақтау, Ақтоғай кенттерінде бір-бірден.

Билік өкілдері тұрғындарға қазандықтарды сыртқа шығаруға көмектеседі.

«Заң бойынша бюджеттен қаржы бөле алмаймыз. Демеушілердің қаржысы тартылады. Кәсіпкерлер де көмектесседі. Шығын көп болмайды деп ойлаймын. Қазіргі қазандықтарды сыртқа шығару жоспарланған», – дейді Ұлантай Үсенов.

Оның айтуынша, жылыту қазандықтары мектеп, балабақша, аурухана, ОДА ғимараттарында да пайдаланылады. Кейіннен әрбір нақты жағдай бойынша жекелеген шаралар қабылданатын болады.

Еске салайық, 1 қаңтарда Шаханда жертөледе орнатылған жылыту қазандығының жарылуы нәтижесінде көп қабатты үйдің бір бөлігі бұзылған. Оқиға салдарынан 9 қаза тапты, соның ішінде үшеуі бала. Зардап шеккен екі адам ауруханаға жеткізілді.