
Алдағы үш айда қарағандылық шенеуніктер өздерінің кәсіби жарамдылықтарын дәлелдейтін болады. Президенттің Жарлығымен 2017 жылы әлеуметтік осал топтарға жататындардан (жалғыз басты аналар, 14 жасқа дейінгі балалардың әкелері, зейнет алды жастағы қызметкерлер және декреттік демалысқа шыққандар) басқа, барлық мемлекеттік қызметшілер міндетті аттестациялаудан өткізіледі. Бірінші жартыжылдықта «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілер аттестациялаудан өтеді.
Бұл жолы заңдарды білу бойынша тест болмайды. Оның орнына комиссия қызметкерлердің әлеуетін, олардың жеке қасиеттеріне және оның қызмет ету саласындағы білімін бағалайды. Тексеру үш кезеңмен жүргізіледі. Біріншісі - дайындық, екіншісі - тестілеу, және үшіншісі - сұхбаттасу.
Алғашқы екі кезең артта қалды. Бүгін комиссия сұхбаттасуға көшті. Депутаттар мен облыстық басқармалардың басшылары шенеуніктерді аттестациялауды мамыр айының соңына дейін өткізеді. Жалпы, осы күнге дейін 928 адамды тексеру көзделген. Сондай-ақ, 22 мемлекеттік қызметші жоғары аттестациялау комиссиясының мүшелерімен сұхбаттасу үшін елордаға барады. Облыстың шалғай жатқан аудандарындағы мемлекеттік қызметшілер сол жерлерде тексеріледі.
- Өз әсеріммен бөлісейін, - дейді сұхбаттасудан кейін Қарағанды облысы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлім басшысы Бақтияр Айешов. - 20 жылдық өтілі бар мен де толқыдым. Айтарым, комиссияның ниеті жақсы, астыртын сұрақтар қоймайды. Бәрі де бізге түсіндіргендей өтті. Біз дайынбыз. Қойылған сұрақтарды дұрыс деп санаймын. Олар менің өкілеттігіме, лауазымдық міндеттеріме қатысты болды. Мен жақсы жауап бердім деп ойлаймын.
Комиссия сұхбаттасудың нәтижелерін он минуттан кейін шығарады. Аттестациялаудың қорытындысы бойынша әрбір шенеунікке ұсыныстар жасалады. Тексеруден жақсы өткендердің қызметі өсуі мүмкін, біреулер өз орнында қалса, басқаларының қызметі төмендетіледі, немесе жұмыстан босатылады.