
Наурыз айында қарағандылық колледждердің және кәсіби лицейлердің студенттері өз мамандықтары бойынша сайысқа түсті. WorldSkills халықаралық чемпионаты облыс орталығында үшінші рет өткізілуде. Бұл кәсіби жарыс жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға және жаңа бастаған шеберлерге үздік нәтижеге қол жеткізуге бағытталған.
Биыл чемпионатқа болашақ аспазшылар, құрылысшылар, сырлаушылар, графиктік дизайнерлер, шаштараздар және т.б. – барлығы 11 мамандық қатысуда.
Чемпионаттың қарағандылық кезеңінің алғашқы қатысушыларының бірі аспазшылар. 15 оқу орнының студенттері өз шеберлігін ортаға салды. Олар бес тағамның өзіндік технологиялық карталарын ұсынды, атап айтқанда, салқын және ыстық тағам, бірінші және екінші басты тағам және десерт.
Чемпионат шаштараздардың сайысымен аяқталды. Оған 9 адам қатысты. Олар ерлер мен әйелдердің шашын қиып, бояды, сондай-ақ фотомодельге қарап шаш үлгісін жасады. Жарыс екі күнге созылды. Олардың жұмыстарына еңбек өтілі көп шаштараз-стилистер баға берді. Сарапшылар жұмыстардың сапасына және жұмыс жағдайына ерекше көңіл аударды.
- Мен қатысушылардың құралдарын қарап шықтым, - дейді сарапшы, шаштараз-стилист Лариса Еливерстова. – Кейбіреулеріне тазалық бойынша ескерту жасалды. Әрине, бұл кемшілік. Негізі, бағалау критерийлері көп – бояу сапасы, визуалды келбеті, шаш қиюдың сапасы, таңдаған техникаға сәйкестігі.
Жарыс қорытындысы бойынша, Кәсіптік –техникалық колледж студенті Марина Чучелова бірінші орын алды. Ол өз моделіне отты сары омбре жасап, базалық каре шашты ретке келтірген.
Бұл өңірлік іріктеу кезеңі болды. Қыркүйек айында Астанада чемпионаттың республикалық кезеңі өтеді. Жеңімпаздар қазан айында Әбу-Дабиде өтетін халықаралық финалға жолдама алады.