
Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов журналистермен бір су тасқыны қаупі бар жерлерді аралады. Қала басшысы қабылданған профилактикалық шаралар туралы айтып берді.
«Су тасқыны кезеңіне ақпан айының соңынан бастап дайындалдық. Қыста 220 мың текше метрден астам қар шығарылды. Биыл қар молынан түсті, қыс ұзақ болды. Қыруар жұмыс атқарылды. Техника мен құралдар көптеп тартылды. Бізге кәсіпорындар көмектесуде», - деді Ғалым Әшімов.
Қалалық бюджетте ТЖ жағдайы үшін резервті қор қарастырылды – 100 миллион теңгеден астам.
Огородная және Мусалимов көшелерінің тұрғындары 2015 жылы үлкен су тасқынын бастан кешті. Жақын маңда су бұру каналы бар. Биыл алдын ала тазартып, судың өтууіне кедергі келтіретін қураған ағаштар мен бұталар шабылды. 2015 жылы каналдың айналасында үйінділер жасалды, бүгінде қоршаулар күшейтілді. Қала әкімінің айтуынша, тұрғындар су қоймасының бойына қоқысты көп тастайды.
Ақтауда да көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Су басу жағдайларын азайту үшін су бұру каналдары мен дюкерлер (өзен арнасының астынан өткізілген арынды құбырдың бөлігі) тазартылды.
Бұқар жырау ауданының Чкалов ауылындағы жол еріген қар суының астында қалған. Теміртаулықтар көрші ауылға қол ұшын созды.
«Онда 8 техника жіберілді. Судың арнасы өзгертілді, көрдіңіздер ме? Жағдай бақылауға алынды», - деп атап өтті Ғалым Әшімов.
Самарқанд су қоймасы еріген қар суын қабылдауға күзден бері дайындалуда. Осы мақсатта секундына 5-7 текше метр жылдамдықпен су ағызылып, сыйымдылық босатылды.