
Биылғы көктемде Қарағанды облысынан бір жарым мыңға жуық жас жігіттер әскери борыштарын өтеуге аттандырылды. Олардың 40-ы ең қатаң сынақтардан өтіп, әуе қорғаныс күштерінің қатарына ілікті.
Іріктеу қаңтар айында басталып, енді ғана аяқталды. Бұл әскер қатарына шақырылушылардың әрқайсысында орташа-арнайы білім, жүргізуші куәлігі және мінсіз денсаулығы бар. Олардың әрбірі туралы оқу орындарынан мәліметтер сұрастырылып, учаскілік полицейлер олардың отбасылары туралы ақпарат жинаған.
Бүгін бұл сарбаздар үшін Мәңгілік алау мемориалының алдында салтанатты шығарып салу шарасы ұйымдастырылды.
- Мен бүгін өзімнің ұлым Мұқтар Семғазинді шығарып салып тұрмын, - деді әскер қатарына шақырылушының әкесі Орынғазы. – Ол әуе қорғаныс күші қатарына енді, мен ол туралы ойлап көрмеген едім. Мен өз басым кеңес армиясында, Сахалинде әскери борышымды өтегенмін. Мен де әскери-әуе күштерінде міндетімді атқардым. Ұлымды мақтан тұтып тұрмын.
Жауынгерлерді Қазақстан әскерінің қатарына қосылуымен құттықтауға тек туған-туыстар ғана емес, облыс басшылығы да келді. Бұл қадамның маңыздылығы жайлы салтанатты сөзді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Жандос Әбішев алды.
Сонымен қатар жастарға деген өсиет сөздерін тыл еңбеккері Рахметулла Оспанов та жеткізді. Ол әскер қатарына шақырылушыларға алға қойған міндеттерін абыроймен атқарып, бір жылдан соң жігерлі жігіт болып өз отбасыларына оралуды тіледі.
Салтанатты бөлімнен соң болашақ сарбаздар казармаларына жеткізілді, ал түстен кейін Ақмола облысына аттандырылады. Ол жерде қарағандылықтар әскери борышын өтейді.