Қарағанды облысының әкімі «Теміртау» хоккей клубын Ел чемпионатында екінші орын алуларымен құттықтады

Қарағанды облысының әкімі «Теміртау» хоккей клубын Ел чемпионатында екінші орын алуларымен құттықтады

 Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов «Теміртау» хоккей клубының мүшелерімен кездесті. Аймақ басшысы команданы ел чемпионатында жеткен жетістіктерімен құттықтады.
«Сіздер чемпионатта небары екінші маусым ойнап келесіздер. Бірақ соған қарамастан күміс жүлдегер атандыңыздар. Команданың үштен бір бөлігі қарағандылық хоккей мектебінің тәрбиеленушілері екені қуантады. Біз, қарағандылықтар сіздердің ойындарыңызды қалт жіберместен қарап отырдық. Әсіресе қазіргі Кубок иегерлері - Атыраулық «Бейбарыспен» ширек финалда кездескенде қатты уайымдадық. Сонымен қатар жартылай финалда жетінші ойында команда табандылық танытып, көкшетаулық «Арланнан» жеңісті жұлып алғанда біраз толқыдық», - деді Ерлан Қошанов.
Аймақ басшысы сонымен қатар «Теміртау» бірнеше мәрте ел чемпионы атанған, Жоғарғы хоккей лигасының жеңімпазы, Братина Кубогының иегері «Сарыарқа» командасының дәстүрін жалғастыратынына сенімді екенін жеткізді.
«Теміртау» хоккейшілерінің бүгінгі жетістіктері – барлық команда мүшелерінің, жаттықтырушылар мен клуб басшылығының ерен еңбегінің жемісі екенін облыс әкімі атап айтты.
Аймақ басшысының құттықтау сөзіне хоккей клубының директоры Арғын Нығматулин мен команданың бас жаттықтырушысы Дмитрий Крамаренко алғыс айтты.
«Матчтарға келуші көрермендер саны бойынша біздің клуб ЖХЛ командалары арасында бірінші орында тұр. Ал ойындарына көп жұрт жиналатын 100 Еуропалық команданың тізімінде 87-ші орында тұрмыз», - деді Арғын Нығматулин.
Клуб директорының айтуынша, бұл нәтиже қарағандылық хоккейдің дамуының дұрыс тұжырымдамасының көрсеткіші болып табылады. Ол жетістіктің негізгі үш көзін атап өтті. Ол – жергілікті ойыншыларға назар аудару, дәрігерлер мен психологтардың жұмысы және жанкүйерлердің қолдауы.
Клуб басшыларына және ойыншыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Өз кезегінде спортшылар да облыс әкіміне естелік хоккейші шлемін сыйға тартты.