
Қарағанды қаласының орталық саябағында 7 мамыр күні сарбаздар достығы дәстүрлі фестивалі өтеді. Шарада әскери-патриоттық әндерді орындаушылар мен тыңдармандар бас қосады.
Фестиваль біздің облысымызда 2004 жылдан бастап өткізіліп келеді. Биыл шығармашылық байқау «Отан оттан да ыстық» ұранымен өтеді. Солистер мен шығармашылық ұжымдар әскери тақырыптағы концерттік нөмірлерін, билері мен әндерін ортаға салады. Фестиваль барысында әдеттегідей дала асханасы ұйымдастырылып, әскери дастарханнан кез-келген ниет білдіруші атақты солдат ботқасынан дәм тата алады. Ал байқауға қатысушылар сыйлықтармен және алғыс хаттармен марапатталады.
Шара Қарағанды облысының жастар саясаты басқарманың және «Жас Отан» ЖҚ Қарағанды облыстық филиалы, Қарағанды гарнизонының әскери құрамасының қолдауымен өткізіледі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша іс-шараның басты мақсаты – жастарды қазақстандық патриотизм сарынында тәрбиелеу, жастар арасында батырларымыздың ерліктері мен жауынгерлік дәстүрлерін, әскери мамандықтар беделін насихаттау, әскери қызметкерлердің шығармашылық әлеуетін ашу болып табылады.