Чкалов және Садовое кенттерінен 300 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды

Чкалов және Садовое кенттерінен 300 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды

Көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Бұқар Жырау ауданының Чкалово және Садовое кенттерінде облыс әкімінің тапсырмасы бойынша сенбілік өткізілді. Мемлекеттік қызметкерлер жергілікті тұрғындарға елді мекенді қоқыстан тазартып, ретке келтіруге көмектесті.
«Аудандық сенбілікке кент және ауылдық округ әкімдіктері, аудан басқармалары мен мекемелердің қызметкерлерінен жиналған 300-ден астам адам қатысты. Тазалық жұмыстарына арнайы техника жұмылдырылды. Чкалов және Садовое елді мекендерінің аулалары мен көшелері тазартылып, ағаштар мен жол ернеулері әктелді. Екі кенттен жалпы есептегенде 300 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды», - деп хабарлайды Бұқар Жырау ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Көктемгі су тасқыны кезінде Чкалов және Садовое кенттерінің 83 үйіне су кірген еді. Облыс әкімі Ерлан Қошанов бұл екі елді мекенге барып, зардап шеккен тұрғындармен кездесіп қайтқан болатын. Аймақ басшысы мамырдың 20-на дейінгі мерзім ішінде жоғалған мүлік пен жылжымайтын мүлікке келтірілген шығынды өтеуді бұйырды.